Белгілі саяси белсенді, «Бәсе» Youtube арнасының жетекшісі Айдос Садыковтың Киевте кісі қолынан қаза тапқанына бес ай толды.
Алғашқыда билік өкілдері бұл қастандыққа қатысты ашық мәлімдемелер жасап, құзырлы органдар тергеуге белсенді араласады дегенді айтқан еді. Президент Тоқаев күштік құрылым өкілдеріне Украина тергеу органдарымен байланыс орнатуға тапсырма беріп, Садыковтың қазасына байланысты былай деген еді: «Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді».
Көп ұзамай, Садыковтың қазасына қатысы бар кісілер ретінде қазақстандық күштік құрылымның екі экс-қызметкері аталды. Айдосты атқан күдікті ретінде – Мейрам Қаратаев аталса, оған көмектескен сыбайласы ретінде – Алтай Жақанбаев делінді. Біріншісі Қостанай полициясында қызмет еткен мерген болып шықты. Екіншісі ҰҚК-ның Сыртқы барлау қызметінде жұмыс жасаған офицер делінді. Бұл деректерді Украина прокуратурасы жариялаған еді.
Бірнеше күннен кейін Алтай Жақанбаевтың Қазақстанда күштік құрылымдарға өзі берілгені, оның қамауға алынғаны туралы мәлімет тарады. Содан бері еліміздің тергеу органдары тып тыныш отыр. Жақанбаевтың қандай жауап бергені, оның қай түрмеде отырғаны, күдікті ретінде айып тағылды ма, жоқ па, – ол жағы беймәлім. Бірде бір мәлімет таралмады, айтылмады. Айдосты атты делінетін Мейрам Қаратаев туралы мүлдем ақпарат жоқ. Украина органдары оның Молдовадан Түркияға ұшқанын айтады, ары қарай қайда кеткені белгісіз. Зым зия жоғалды.
Осы бес айдың ішінде журналистер Бас прокуратураға бірнеше сауал жолдады. Бәрі жауапсыз қалды. Терегу жүріп жатыр ма, әлде тоқтап қалды ма? Қаратаевтың қайда екені мәлім бе? Бұл екеуі тапсырыс орындаушы болса, Айдосты атуға тапсырма берген кім? Бірде бір сұраққа жауап жоқ. Тек бар болғаны сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың мәлімдеме жасап, «ұсталған Жақанбаев Украинаға берілмейді, себебі ол Қазақстан азаматы» деген сөзі болды. Осы мәлімдемеден кейін ақ Қазақстан билігінің Украина құзырлы органдарымен қаншалықты бірлесе жұмыс істеуге құлықты болғанын байқауға болатын шығар. Дәлірек айтсақ, құлықсыздығын көруге болады.
Бірақ, Украина тарапы да әзірше үнсіздік сақтап отыр. Киевтен де тергеуге қатысты жаңа мәліметтер тарамады. Үлкен сұрақ тудыртатын нәрсе – Жақанбаев пен Қаратаев қылмыс жасаған соң санаулы сағаттардан кейін Украина шекарасын қалай кесіп өтті. Неге десеңіз, Украина соғыс жағдайында отырған ел. Оның шекарасын бірнеше сағаттың ішінде кесіп өту оңай емес. Әрбір адамды тексереді, қарайды, оның үстіне Жақанбаев пен Қаратаев сияқты шетелдіктерді бастан аяқ тергеуі керек емес пе еді? Оған қоса, Киевтен Украина шекарасына жету үшін шамамен төрт сағаттай уақыт қажет. Ал бұл аралықта украиндар барлық күштік органдарын аяғынан тік тұрғызып, қылмыскерлерді іздеуі керек емес пе еді? Міне, осы мәселе көптің көкейінде жүр. Бірақ, әлі күнге дейін еш жауап табылмады бұған.
Айдос Садыков қашан да шындықты айтып, ақиқат үшін күрескен азамат еді. Өкінішке қарай, өмірі қыршынынан қиылды жат жерде. Қазақстанда оның және әйелі Наталья Садыкованың үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Сол себепті олар Қазақстаннан кетуге мәжбүр болып, Украинадан билікті қатаң сынап жүрген еді.
Біз де өз тарапымыздан ақиқат ашылып, тергеу әділетті жүруі тиіс деген талап қоямыз.