Бір ел, екі түрлі Қазақстан. Алда өтетін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде қазақстандық құқық қорғаушылар мен шенеуніктердің адам құқығы мен бостандығы туралы есебі айтылады. Қазірдің өзінде екі тараптың есебінде айырмашылық бар.
28 қазанда Астанада ҚР СІМ жанындағы «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы»консультативтік-кеңесші органының базасында әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова мен құқық қорғаушылар қауымдастығы өкілдері Евгений Жовтис пен Анар Ибраеваның қатысуымен жиын өтті. Тараптар елдегі адам құқығы мен бостандығына қатысты баяндамалары бір-біріне қарама-қайшы болып шықты. Бұл айырмашылық 2025 жылы қаңтардың соңында өтетін Женевадағы бас қосуға дейін де өзгермейтін сияқты. Биыл Қазақстан әмбебап мерзімді шолу аясында Женевада төртінші рет есеп береді.
ҚР СІМ жанындағы диалог алаңы 2013 жылы ҚР СІМ бастамасымен құрылды. Оның аумағында мемлекеттің халықаралық міндеттемелері шеңберінде қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарына байланысты мәселелер талқыланады. Отырыстарға биліктің мүдделі тармақтары, азаматтық қоғам мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.Диалог алаңы аясында билік органдарына адам құқықтарына қатысты жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстар айту мүмкіндігі қарастырылған.
Әмбебап мерзімді шолу (ӘМШ) төрт жылда бір рет жүзеге асырылатын БҰҰ-ға мүше барлық 193 мемлекеттегі адам құқықтары туралы ақпаратты шолудың бірегей механизмі болып табылады. ӘМШ Адам құқықтары жөніндегі кеңестің құрылымына кіреді және әрбір елге адам құқықтары саласындағы жағдайды жақсарту мақсатында қабылдаған шаралары туралы хабарлауға, сондай-ақ осы саладағы өз міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді.
2015 жылы Әмбебап мерзімді шолудың үшінші отырысында Қазақстан халықаралық сарапшылардан 245 ұсыныс, ескерту алған. Қазақстан үкіметі 214 ұсыныс, ескертуді қабылдап, 31-іне назар аударатынын мәлімдеген. Бұл жөнінде жиын барысында әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова айтты. Дәл осы 31 ескертпе жиын барысында дау туғызды.
Қазақстан билігі 2020 жылы маусымда ұсынылған ескертпелерді жүзеге асыруға қатысты 2020-2024 жылдарға арналған ведомствоаралық жоспар қабылдаған.
«Осылайша, ұсыныстар вице-министрдің «реформалар платформасын» бағалауына ықпал етті; жетістіктер арасында – адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институтын Париж қағидаттарына сәйкес келтіру (яғни оған қандай да бір дербестік пен қаржылық тәуелсіздік беру), Бала құқықтары жөніндегі конвенцияға және мүгедектердің құқықтары жөніндегі конвенцияға сәйкес факультативтік хаттамалар ратификацияланды, азаптауларды, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты криминализациялау жөнінде бірқатар шаралар қабылданды, адам саудасына қарсы күрес туралы заңнама қайта қаралды, өлім жазасын жою туралы пактінің екінші факультативтік хаттамасы ратификацияланды, ҚР ҚК-нің екі “саяси” бабы – 130 және 174, біршама жеңілдетілді. Саяси партиялар, бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңдар қабылданды, жаңа экологиялық кодекс қабылданды…. – деп Жақселекова мемлекет тарапынан жасалған жұмыстарды жіпке тізгендей баяндады.
4 қарашада әділет министрлігі өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп жасаған баяндамасы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комиссиясына жөнелтілді.
Бірақ Ботагөз Жақселекова ескертпелердің кейбірі әлі қаралып жатқанын мойындады. Ол Қазақстан ратификациялаған халықаралық міндеттемелерге тоқталды. Оның сөзінше, Қазақстан еңбек мигранттарын қорғауға қатысты халықаралық конвенцияға қосылуға әзір дайын емес.
«Заң мен Қазақстан қол қойған халықаралық келісімдер еңбек мигранттарының құқығын қажетті деңгейде қорғайды. Сол себепті Қазақстан конвенция мен заңдағы сәйкестікті әлі де болса қарастырып жатыр», – деп түсіндірді Жақселекова.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан Халықаралық қылмыстық соттың Рим статутына да қосылуға дайын емес.
«Халықаралық қылмыстық сот қызметін толықтай зерттегеннен кейін оған мүше болу жұмысы әрі қарай жалғасады», – деді Жақселекова. Қазіргі геосаяси жағдайда, Ресейде билік басында Владимир Путин отырған тұста бұл мәселені қарау ұзаққа жалғасуы мүмкін.
Азаматтығы жоқ адамдарды азайту жөніндегі жұмыс пен апатридтердің мәртебесі туралы конвенцияға қосылу мәселесінде «жергілікті заңнама азаматтығы жоқ адамдарды қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етіп отыр» деген ұйғарым айтылды. Оны ратификациялау тағы да конвенцияның ережелерін зерделегеннен кейін қаралады.
Дискриминация бойынша «жыныстық ориентация» және «гендерлік теңдік» мәселесін бөліп көрсете отырып, вице-министр ұлттық заңнамада гендерлік кемсітпеу қағидаттары қарастырылғанын атап өтті.
«Осыған байланысты, тәжірибені ескере отырып, біз осы кезеңде құқықтық негізді нығайтуды қарастырмаймыз», – деді Жақселекова. Вице-министр кемсіту саяси, діни және өзге де ұстаным, көзқарастар бойынша болатынын ескермеді.
Президент Тоқаевтың адам құқықтары саласындағы іс-қимыл жоспарына сәйкес, осы жылдың наурыз айында кемсітушілікке қарсы заңнама мәселелері және нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияны орындау және/немесе кемсітушіліктің барлық нысандарын жою мәселелері бойынша жеке құрылымдық бөлімше құру бойынша тұрақты жұмыс тобы құрылуы тиіс болған.
Вице-министр айтқан келесі блокта дәл осы кемсіту мәселесі шаш етектен. Мысалы, діни сенім-наным, пікір еркіндігі, бейбіт жиын бостандығы, қоғамдық және саяси өмірге араласу құқығы.
«Жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзудың қоғамға қауіптілігі оның басқару органдарының тұрақты жұмысына кедергі келтіруінде. Сондай-ақ, аталған тәртіпті бұзу салдарынан жаппай тәртіпсіздіктер, ғимараттардың, құрылыстардың бұзылуы және басқа да зиянды салдарлар болуы мүмкін. Сондықтан мұндай механизм қолданыстағы заңнамада қарастырылған», – деді Жақселекова.
Бұған қоса, елде бірнеше оппозициялық партиялардың түрлі сылтаумен әлі күнге дейін тіркеле алмай жүргеніне қарамастан, вице-министр қоғамдық бірлестіктер саласында алға жылжу бар екенін айтты.
Қателікті мойындамау
«Қадір-қасиет» құқық қорғау ұйымының өкілі Анар Ибраеваның баяндамасы вице-министрдің келтірген уәждеріне мүлде қарама-қайшы. Ибраева БҰҰ-ның профильдік комитеттерінің жекелеген шағымдарға қатыстық шығарған шешімдерін Қазақстанның орындамай отырғанына тоқталды. Бұндай 61 шағым болған. Оның жартысынан сәл ғана көбі egov сайтында көрсетілген.
«Біз мемлекеттік пайдасына шешілмеген шешімдердің көбейгенін көріп отырмыз. Енді соны орындауға көшетін уақытқа жеткен боларсыздар», – деді Ибраева. Бұл жерде де мемлекет өз қателігін өтегісі келмейді. Себебі олар үшін қателікті өтеу, кінәңді мойындаумен тең тәрізді.
Құқық қорғаушының сөзінше, мемлекеттік органдардың БҰҰ шешіміне реакциясы әртүрлі. Мысалы, Жоғары сот БҰҰ көрсеткен істердегі қателіктерді қайта қарауға қарсы емес. Ал ішкі істер министрлігі оны қайта қарауды қойып, назар аударуға құлықсыз. 51 жағдайда БҰҰ Қазақстан билігіне өз қателіктерін контрибуция беру арқылы түзеуді ұсынған. 15 жағдайда Қазақстан соттары БҰҰ профильді комитеттерінің өтемақы беру туралы шығарған шешімдерін қабылдаудан бас тартқан. Тек азаптаудың екі ғана құрбаны өтемақы алған. Оның өзінде мардымсыз сомма берілген.
Қазіргі кезде Қазақстанда БҰҰ өтемақы төлеуге қатысты шешімдерін орындайтын құқықтық негіз қалыптаспаған. 2015 жылы Астана тіпті (сотталушылардан қаржы тәркілейтін) қылмыс құрбандары қорын өтемақы механизмі ретінде көрсетіп, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетін жаңылыстырмақ болған.
«Мемлекет және БҰҰ комитеті» қарым-қатынасының өзге салалары да ақсап тұр. Астана БҰҰ сарапшылары қойған сұрақтар мен ескертпелерді ұмытып немесе ескерусіз қалуы да мүмкін. Себебі бұрынғы әділет вице-министр мен омбудсмен жаңа қызметке ауысып кетті. Олармен бірге жүргізілген жұмыстарды қайтадан басынан бастауға тура келеді. Тіпті БҰҰ шығарған шешімдерді қазақ және орыс тілдеріне аударып, мемлекеттік органдардың сайтына жүктеудің өзі дұрыс жүзеге аспайды.
«Бәрібір жауап беруге тура келеді»
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис ескерусіз қалған ұсыныстар мен ескертпелерге толықтай тоқталды. Оның сөзінше, бұл ескертпелер ылғи да қайталанатын, бір кезеңнен екінші кезеңге көшіп жүретін дәрежеге түскен. Евгений Жовтис 2008 жылы Жоғары сот шығарған нормативтік қаулыны қайта қарап, Конституцияның 4-бабында көрсетілгендей халықаралық келісімдерді практикада қолдану керектігін айтты.
Бұдан бөлек, Жовтис Анар Ибраева айтқан өтемақы мәселесіне де тоқталды. Ол Қаңтар оқиғасы құрбандарын мысалға алып, Азаматтық және Қылмыстық-процессуалдық кодекске өзгерту енгізу қажеттігін тілге тиек етті.
«Зардап шеккендер түксіз немесе өтемақыны жылдап күтпеуі тиіс. Мемлекет өзі тағайындаған адамдардың қателігі үшін қаржылай жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Содан кейін барып ол адамдардан өз шығындарын жабу үшін қанша ақша алғысы келсе сонша ақша алсын», – деді Евгений Жовтис.
Заңдық сенімділік қағидаттарын қазақстандық құқықтың күшті жақтарына жатқызуға болмайды, деп есептейді Жовтис. Осыған байланысты ол заңнаманы қайта қарауды ұсынды.Мысал ретінде әйгілі «араздықты қоздыру» бабын келтірді. Сөзінше, бұл бапты тергеу мүддесіне қарай кез келген жағдайға бұрмалап пайдалана беруге болады.
Омбудсмен институты жаман болсын, жақсы болсын қосымша қаржы алып, аймақтарда бөлімшелерін ашты. Бірақ бала құқығы, әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығына қатысты өкілетті институттар сол күйінде қалды. Осындай институттар құрылған соң, оларды да заң бойынша қаржылай және өкілетті етіп бекітуді ұсынды Евгений Жовтис.
Сөз соңында құқық қорғаушы мемлекет пен қоғам арасындағы ең нәзік сала – cаяси және азаматтық құқық жөнінде айтты. Евгений Жовтис елде соңғы уақыттар әртүрлі тақырыпта митинг өткізгісі келген ұйымдарға жасалған кедергілерді мысалға ала отырып, түбінде бұның барлығына жауап беру қажет болатынын ескертті.
«Бұл сұрақтардың барлығы бәрібір қойылады және оларға жауап беруге тура келеді. Сол себепті сіздер ортақ тіл табысу жолдары мен осы сұрақтардың жауабын іздеулеріңіз керек», – деді Евгений Жовтис.
Бұл материал Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен дайындалды. Материалда айтылған пікірлер Ұлыбритания үкіметінің көзқарасы дегенді білдірмейді.