• Басты
  • >
  • Шерзат Полат ісі бес бап бойынша тергеліп жатыр

Шерзат Полат ісі бес бап бойынша тергеліп жатыр

28.10.2024

Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адам қатысқан жанжалдан мерт болған Шерзат Полат ісі “Адам өлтіру”, “Бұзақылық”, “Қорқыту”, “Қылмысты жасырып қалу” және “Қылмыс туралы хабарламау” баптары бойынша тергеліп жатыр. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында осылай деп жазылған. Бұл жөнінде жергілікті басылымдар хабарлады.

“Қасақана кісі өлтіруге қатысты” деген күдікпен сегіз адам, “Қылмыс туралы хабарламау” бабы бойынша үш адам сот санкциясымен қамалған деді Сәденов.

– Тергеу жалғасып жатыр, оқиға болған жерде жүрген басқа да адамдардың оған қатысы бар-жоғы тексеріліп, олардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі, – деді министр.

Сәденов бастапқыда оқиғаның себебіне қатысты әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын әртүрлі мәлімет көп тарады, соған байланысты министрлік бұқаралық ақпарат құралдарына брифинг өткізіп, кейбір тергеу мәліметін жария етті, онда қоғамды алаңдатқан кей мәселе айтылды деді.

4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адам қатысқан жанжал кезінде 16 жастағы Шерзат Полат пышаққа түсіп қаза болды. Оқиғадан соң қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Бұған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен. Әлеуметтік желіде ауданда “Хуторлық” деген жүгенсіз кеткен қылмыстық топ әрекет етеді деген болжамдар айтылған. Полиция ол хабарды жоққа шығарып, “ондай қылмыстық топ тіркелмеген” деп мәлімдеді. Жасөспірімнің қазасынан кейін бірқатар жергілікті шенеунік қызметінен алынды.

14 қазанда желіде жасөспірім мерт болғанға дейін дүкен алдындағы алыс-жұлыс кезінде оның әкесі Қаржаубай Нұрымов түсіп қалған қысқа видео тарады. Видеоны көрген кейбіреу “ол пышақ алып жүрген” деген долбар айтты. Видеоны кім таратқаны белгісіз. Жәбірленуші тараптың адвокаттары видеоны таратқандарды анықтауды және оларды жауапқа тартуды талап етіп, полицияға арыз түсірген. Полиция оны анықтап жатқанын хабарлаған.