Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда “президент резиденциясы мен әкімдік ғимаратына шабуыл жасады” деген айыппен сотталған Қосай Маханбаев бостандыққа шықты. Оның адвокаты Төлеген Берліқожаның Азаттыққа айтуынша, Маханбаев 16 қазан кешке Алматы қаласындағы №72 мекемеден шыққан.
– Маханбаев Қаңтар [оқиғасы] кезінде ұсталды. Сол кезде отырған бір күні екі күнге есептелді. Одан кейін үйқамақта отырды. Соның бәрі есепке алынды. Бірінші сатыдағы сот Маханбаевқа 1 жыл 9 ай жаза берген. Ал екінші сатыдағы сот бір айға азайтып, 1 жыл 8 ай берді. Маханбаев кеше босап шығып, үйіне барды. Қазір отбасымен бірге, – деді адвокат Төлеген Берліқожа бейсенбі күні.
Қосай Маханбаев – Қаңтар оқиғасында ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторында азапталғандардың бірі. Оны Алматыдағы дүрбелең кезінде оқ тиіп, ауруханада жатқан жерінен полиция алып кеткен. 2022 жылы қазанда Алматы прокуратурасы Маханбаевтың азаптау ісі бойынша полиция қызметкерлері үстінен түсірген шағымын жапқаны белгілі болды.
2023 жылы Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған белсенді Қосай Маханбаев мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркеліп, куәлік алған еді. Алайда бірнеше күннен кейін прокуратурадан арыз түсіп, Алматының сайлау комиссиясы әуелгі шешімнің күшін жойған. Аумақтық сайлау комиссиясы мұны “тергеуге қысым жасаудан сақтану” деп түсіндірген.
Маханбаевтан өзге “президент резиденциясы мен әкімдікке шабуыл жасады” деп айыпталып, сотталған 10 адам бар.
15 қазанда апелляция соты Ақжол Жандарбековті – 8 жылға, Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаевты – 1 жыл 9 айға, Қосай Маханбаев, Әбидолла Таубай, Нұртас Қаранеев, Рысбек Мамыров, Арман Әлімбаев, Нұрсұлтан Байкісиев, Дәурен Бакиевті 1 жыл 8 айға бостандығынан айыруға қаулы еткен.
Биыл 11 маусымда Алматы қаласының Наурызбай аудандық соты 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде “жаппай тәртіпсіздікке қатысты”, “ғимаратқа басып кірді”, “билік өкіліне күш қолданды”, “әскери қызметкерді кепілге алды” деп айыпталған Ақжол Жандарбековті 4 жылға, ал “Жаппай тәртіпсіздікке қатысу”, “Ғимаратқа басып кіру”, “Билік өкіліне күш қолдану” айыбы тағылған Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаевты және “жаппай тәртіпсіздікке қатысты”, “ғимаратқа басып кірді” деп айыпталған Нұртас Қаранеев, Рысбек Мамыров, Қосай Маханбаев, Әбидолла Таубай, Арман Әлімбаев, Нұрсұлтан Байкісиев, Дәурен Бакиев, Серікбол Орынғазыны 1 жыл 9 айға бас еркіндігінен айыруға үкім шығарған. Сотталушылар өзіне тағылған айыпқа, сот үкіміне келіспеген. Жарыссөзде тергеу кезінде азапталғанын айтқан.