• Басты
  • >
  • Қаңтарда «президент резиденциясы мен әкімдікке шабуыл жасады» деп айыпталған 11 адамның апелляциялық соты басталды

Қаңтарда «президент резиденциясы мен әкімдікке шабуыл жасады» деп айыпталған 11 адамның апелляциялық соты басталды

25.09.2024

Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі сотында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы «қала әкімдігі мен президент резиденциясына шабуыл жасады» деп айыпталған 11 адамның апелляциялық шағымы қаралды. Прокурор сот алқасынан сотталушыларды 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушылар мен олардың адвокаттары оған қарсы шықты. 

25 қыркүйекте өткен сот отырысында прокурор бірінші сатыдағы сот үкімімен келіспейтінін, оның күшін жойып, істі қайта саралап, сотталушы – Нұртас Қаранеев, Рысбек Мамыров, Қосай Маханбаев, Әбидолла Таубай, Арман Әлімбаев, Нұрсұлтан Байкісиев, Дәурен Бакиев, Серікбол Орынғазыны 10 жылға, Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаевты 11 жылға, Ақжол Жандарбековті 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірінші сатыдағы сот кезінде өткен жарыссөзде прокурор Рахат Естібек те осыған ұқсас жаза сұраған. Ол Ақжол Жандарбековті 12 жылға, Серік Кекілбаевты 11 жылға, қалғандарын сотталушыларға 10 жыл түрме жазасын сұраған. 

Сотталушылар мен олардың адвокаттары прокурорға қарсы шықты. Олар бұған дейін Алматының Наурызбай аудандық соты шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырып, бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде босату жазасына ауыстыруды сұрады. 

– Мен Жаңаөзен оқиғасы қайталанбағанын қаладым. Сол үшін митингке шықтым. Адамдарды өлтірмесін дедім… Прокурор кінәмді дәлелдеген жоқ. Апелляциялық шағымымда Өзімді толықтай ақтауды сұраймын, – деді Нұртас Қаранеев. 

Процесс онлайн өтті. Стталушылар отырысты оффлайн өткізуді сұрады. Сот алқасының судьясы Тасболатов істі онлайн өткізуге ешқандай техникалық кедергі жоғын айтып, өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Келесі сот отырысы 9-шы қазанға қалдырылды. 

11 маусымда Алматы қаласының Наурызбай аудандық соты «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «ғимаратқа басып кірді», «билік өкіліне күш қолданды», «әскери қызметкерді кепілге алды» деп айыпталған Ақжол Жандарбаековті 4 жылға, ал «жаппай тәртіпсіздікке қатысу», «ғимаратқа басып кіру», «билік өкіліне күш қолдану» айыбы бар Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаев және «жаппай тәртіпсіздікке қатысу», «ғимаратқа басып кіру» айыбымен айыпталған  Нұртас Қаранеев, Рысбек Мамыров, Қосай Маханбаев, Әбидолла Таубай, Арман Әлімбаев, Нұрсұлтан Байкісиев, Дәурен Бакиев, Серікбол Орынғазыны 1 жыл 9 айға бас бостандығынан айырған. Сол уақытта сотталушылар өзіне тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспеген. 

Іс бойынша сотталушы Қосай Маханбаев Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы тергеу изоляторында азапталғандардың бірі. Оны Алматыдағы дүрбелең кезінде оқ тиіп, ауруханада жатқан жерінен полиция алып кеткен. 2022 жылғы қазан айында Алматы прокуратурасы Қосай Маханбаевтың азаптау ісі бойынша түсірген шағымын «дәлел жеткіліксіз» деген себеппен жапқан. 

2022 жылы 5 қаңтарда Алматының орталық алаңындағы наразылық дүрбелеңге ұласып, қала әкімдігі мен президенттің резиденциясы қатты бүлініп, өртке оранған еді. Бас прокуратура Алматы әкімдігі мен президент резиденциясын басып алуға мыңға жуық адам қатысқанын айтқан.

Алматы әкімдігі қайда жөндеуден өткізілді. Ал президент резиденциясы күреліп, орнына саябақ салынып жатыр. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты, опат болғандардың көбі – Алматы қаласында.