Қазақстанда Ресей азаматтығы бар кәсіпкер Евгений Наказненко ұсталды. Ол Украинадағы соғысты сынап, интернетте бейнероликтер жариялаған. Сол себепті оған Ресей ІІМ халықаралық іздеу жариялаған. Енді оған экстрадиция қаупі төніп тұр. Бұл жөнінде 22 қыркүйекте Азаттықтың Орыс қызметі жазды.
Ресейде Наказненкоға “орыс әскері туралы жалған ақпарат тарату” және “терроризмге шақыру” баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оны қудалауға нақты қандай жайттар түрткі болғаны айтылмайды. Кәсіпкер өзінің Instagram парақшасында соғысқа қарсы жазбалар жариялап, Ресей саясаты жөнінде пікірін айтқан.
Оппозициялық журналист Евгения Балтатарованың жазуынша, бұған дейін қазақстандық ресейшіл блогер Антон Бударов Наказненконың бейнероликтеріне назар аударып, Ресей билігінен кәсіпкерді жазалауды сұраған.
“ОВД-Инфо” сайтының жазуынша, Наказненко Алматы әуежайында бизнес шаруасымен Түркияға ұшпақ болған кезде ұсталған. Қылмыстық іс пен іздеу жөнінде ол білмеген. Сот шешімімен ол Алматыдағы тергеу изоляторына 40 күнге қамалған.
Ұлты украин Евгений Наказненконың Ресей азаматтығы бар. 2007 жылдан бері Қазақстанда тұрып, шет тілін үйрететін “Oxford Team” мектебінің негізін қалаған.