• Басты
  • >
  • Қошмамбеттегі азаптау ісінде негізгі сот талқылауы басталды

Қошмамбеттегі азаптау ісінде негізгі сот талқылауы басталды

17.09.2024

16 қыркүйекте Алматы облысы Қарасай аудандық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде Қошмамбет ауылында азапталған адамдардың ісі бойынша негізгі сот талқылауы басталды. Істе 23 Өзбекстан азаматының қорғаушысы Айна Шорманбаева Қарасай аудандық сотына сенімсіздік білдіріп, өтінішхат түсірді. 

– Күдіктілер Қарасай ауданының полиция қызметкерлері. Олар жұмыс барысында Қарасай аудандық сотының судьяларымен кездесуі мүмкін. Сол себепті біз Қарасай ауданы судьяларының барлығының істі әділ қарайтынына күмәніміз бар, – делінген өтінішхатта.

Өтінішхатты судья Болатхан қарап, қабылдауға негіз жоқ деп қанағаттандырмады. Сот процесі үзілістен кейін қайта жалғасты. Прокурор айыптау актісін оқыды. Айыптау актісі бойынша, полиция қызметкерлері Бауыржан Сопақов, Нұрсұлтан Хамитов, Арман Шойбеков, Берік Әбілбеков, Олжас Айдарханов және Серік Тұрпанбаевтың үстінен «Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар» (Қылмыстық кодекстің 146-бабының 1-бөлігі) және «Билік немесе лауазым өкілетін асыра пайдалану» (Қылмыстық кодекстің 362-бабының 1-бөлігі) баптары бойынша іс қозғалған. 

Айыптау актісіне сәйкес, 2022 жылы 7 қаңтарда Алматы қаласындағы дүрбелеңге қатысы бар азаматтарды анықтау операциясы кезінде Алматы-Бішкек тас жолында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің арнайы жасағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннің 99 азаматтарын ұстаған. Кейіннен олардың 98-і Қошмамбет ауылындағы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қамау кезінде ешқандай құжат толтырылмаған. Абақтыға кірген сәттен бастап соққыға жығылып, жауап алынған. 

– Оларды [жәбірленушілерді] іш киімдеріне дейін шешіп, еденге бетін төмен қаратып қойған. Қолмен, аяқпен және автоматтың дүмімен денелерінің әртүрлі бөлігіне соққы жасаған. Негізсіз айыптар тағып, мойындауды талап еткен, – делінген айыптау актісінде. 

Айыптау актісінде күдікті алты полицейден бөлек, азаптауға қатысқан аты-жөні анықталмаған полиция қызметкерлері жөнінде айтылады. 

Айна Шорманбаеваның сөзінше, күдіктілер саны айып тағылған алты полицейден әлде қайда көп болуы тиіс. Себебі сол уақытта Қошмамбет абақтысында алты ғана полиция қызметкері болмаған. 

– Менің ойымша, күдіктілер он есе көп болуы керек. Өйткені азаптағандар бұл алтауы ғана емес. Сосын, Қошмамбетке 98 адам қамалған. Олардың барлығы жәбірленуші деп танылуы тиіс. Басынан бастап осыны айтып келеміз, – дейді Айна Шорманбаева. 

Сот барысында күдікті алты полицейдің алтауы да өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ешқандай қылмыс жасаған жоқпыз деді. Бұған дейін өткен алдын ала сот тыңдауында күдіктілер мен адвокаттары журналистерге өздерін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірді. 

4 қыркүйекте өткен алдын ала сот тыңдауында жәбірленуші тараптың адвокаты Әлия Жанұзақова істі қарауда мүдделер қайшылығы болуы мүмкін екенін айтып, істі Қарасай ауданынан басқа ауданға ауыстыруды сұраған. Ол күдікті полицейлердің бірінің адвокаты Мәди Көшікбаев бұрын Қарасай ауданының судьясы болғанын алға тартқан. 

Мәди Көшікбаев бұл уәжге қарсы шыққан. Ол «бұрынғы судьялық қызметім қазіргі адвокат қызметіне әсер етпейді» деген. 

Судья Дінмұхаммед Адайбаев істі басқа ауданға ауыстыруға негіз жоқ деп, жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырмаған. 

Қошмамбеттегі азаптау ісі бойынша алты полиция қызметкері күдікті, 44 адам жәбірленуші деп танылған. Олардың арасында Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары бар. 

Қаңтар дүрбелеңінде Қазақстанның мемлекеттік телеарнасынан «бүлікке қатысқаны үшін ақша алғанын» «мойындаған» жігіттің видеосы көрсетілген. Кейіннен оның қырғыз музыканты Викрам Рузахунов екені, оны полиция қызметкерлері азаптап, жалған куәлік етуге мәжбүрлегені белгілі болған. Іс халықаралық дауға ұласқан. Осы оқиғадан соң Қазақстан билігінің Қаңтарда «Орталық Азия елдерінің бірінен келген террористер» тезисі күлкіге айналған.