• Басты
  • >
  • Тіркелмеген «Атажұрт» париясының мүшелері қысым күшейгенін мәлімдеді

Тіркелмеген «Атажұрт» париясының мүшелері қысым күшейгенін мәлімдеді

07.08.2024

Тіркелмеген «Атажұрт» партиясының мүшелері партия мүшелеріне қысым күшейгенін айтып, баспасөз мәслихатын өткізді. 

Ұйым мүшесі Нәзигүл Мақсұтханның сөзінше, «Атажұрт» мүшелеріне қысым күшейген. Ұйым мүшелеріне салынған айыппұл көлемі бір жылда бес миллион теңгеден асқан. 

– Әкімшілік кодекстің 489-бабының 9,10,11-тармақтары бойынша салып отыр. Оның ішінде «тіркелмеген партияны басқару, қатысу, қаржыландыру» айыбы бойынша айыппұл салып отыр. Біздің билік осы арқалы жаңа партия, ұйымдардың құрылуына кедергі келтіріп отыр. Бір адамға «Атажұртқа» екі мың теңге жібергені үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Тіркелмеген «Атажұрт» партиясының мүшелеріне салынған айыппұл көлемі бес миллионнан асты, – дейді Нәзигүл Мақсұтхан.

2 тамызда журналист, саяси белсенді Думан Мұхаммедкәрімнің соты қарсаңында тіркелмеген «Атажұрт» партиясының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан «бейбіт жиын тәртібін бұзу» айыбымен ұсталып, сот шешімімен 10 тәулікке қамалған. 

Ұйым мүшесі Тұрарбек Асылбеков Бекзат Мақсұтханды Думан Мұхаммедкәрімге үкім оқылады деген күні әдейі қамауға алды дейді. Оның сөзінше, билік сотқа адамдар көп жиналмасын деп осындай қадамға барған. 

Журналист, «Ne Deidi?» You Tube арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрімді Қонаев қалалық соты «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласу» баптары бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған. Осы күні соттан ақпарат таратып жүрген белсенді, блогер Абзал Достияров ұсталып, сот шешімімен 20 тәулікке қамалған.