• Басты
  • >
  • Қаңтарда туыстары қайтыс болғандар Бас прокуратураға барды

Қаңтарда туыстары қайтыс болғандар Бас прокуратураға барды

06.08.2024

Жақындары Қаңтар оқиғасында оқ тиіп қаза болған сегіз адам 5 тамызда Астанадағы Бас прокуратура ғимаратына жиналды. Шымкент, Тараз және Алматыдан келген олар туыстарына қатысты сот шешімдерін бұзып, істі қайта тергеп, сотталған марқұмдарды ақтауды талап етеді.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Тараз, Алматы, Шымкентте наразылыққа қатысқандардың біразы “жаппай тәртіпсіздік жасады”, “билік органдарына күш қолданды”, “террорлық акт жасады” деген айыппен өлгеннен соң сотталған. Олардың туыстары марқұмдардың кінәсі дәлелденбеді деп сот үкімдерімен келіспеген. Кей істер Жоғарғы сотқа дейін жеткен.

Тараздық Жәмила Рахымбекованың ұлы Тоқтар Ошақбай 2022 жылы қанды Қаңтарда оқ тиіп өлген. Оны қылмыстық кодекстегі “Терроризм” және “Жаппай тәртіпсіздік” баптарымен айыптап, кейін “Терроризм” бабы алынып тасталған.

– Менің қолымда жаңа айғақтар бар. Тоқтарымды оқ атып келе жатқан БТР-ге тас лақтырды деп үкім шығарды. Қолымдағы видеода БТР ары өтіп, бері өтіп қырып өткен, соны әкеліп тұрмын. Және сотта куәгер “мен Ошқабай Тоқтарды да, Қуатбаев Нұрсұлтанды да танымаймын, тергеуде қысым көрдім, қол қойдым” деген видеосы бар. Жаңа мәліметтер бар. Бас прокуратура наразылық білдіріп істі бұзсын, қайта тергеп баламды ақтауды талап етемін, – дейді Жәмила Рахымбекова.

Ал Әкімбек Қалыбеков Алматыда 5 қаңтарда оқ тиіп өлген ұлы Думан Қанатбектің ісі әлі Жоғарғы сотта қаралмай жатыр деді.

– Не себеп екенін білмеймін, баламның ісін әлі қарамай отыр. БҰҰ-ға дейін барамын. Ол үшін барлық инстанциядан өтемін, істі әдейі созып отыр деп санаймын, – деді ол Азаттыққа.

Іста қайта қарап, бірі күйеуін, енді бірі баласын ақтауды талап еткендер қатарында Алматы облысынан келген Марианна Сәкенқызы мен алматылық Гүлнұр Қарақасова да бар.

Марианна Сәкенқызы күйеуі Тұрар Арыстанқұловтың, Гүлнұр Қарақасова баласы Бақытгелді Байқадамовты атқандарды тауып жазалауды, өтемақы төлеуді талап етеді.

– [Кінәліні] таба алмауы мүмкін емес. Кім атқаны белгілі деп ойлаймын. Мені жесір қалдырды. Үш бала әкесіз қалды, ақша әкені алмастырмайды. Бірақ олардың болашағы үшін құн төлесін. Мен бұл мәселе шешілгенше келуді тоқтатпаймын, – деді Марианна Сәкенқызы.

Жиналғандарды Бас прокуратураның кезекші прокуроры Салтанат Әлімжанова қабылдап, арыздарын қарастыратынын айтып, алып қалған.

2022 жылы 1-3 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен, Ақтау қалаларында сұйылтылған газ бағасының күрт көтерілгеніне наразы жұрт көшеге шыққан. Кейін бұл наразылықты Қазақстанның өзге өңірі қолдап, соңы ресми дерек бойынша 238 адам өлген дүрбелеңге ұласқан. Алты адам полиция бөлімі мен тергеу изоляторындағы азаптаудан көз жұмған.

Туыстарынан айырылғандар екі жылдан бері марқұмдарды ақтауды, істерді қайта қарауды талап етіп екі жылдан бері түрлі наразылық шараларын ұйымдастырып келеді. Олардың кейбірі мұндай наразылық үшін жауапқа да тартылған.

Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасына халықаралық тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жан-жақты тергеу жүргізуді талап етіп келеді. Қазақстан билігі халықаралық тергеу қажеттігі жоқ деп санайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қаңтардағы сұхбатында “мұндай [халықаралық] тергеу жүргізу қажет деп ойламаймын. Өз қолымыздан келеді, бізде адал, объективті адамдар бар” деген.


Сондай-ақ қараңыз