2 тамызда Қонаев қалалық соты журналист, «Ne Deidi?» You Tube арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрімді кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырып, 3 жылға журналистік қызметпен айналысуға тыйым салды. Судья сот тергеуі барысында тағылған айып бойынша барлығы дәлелденгенін айтты. Үкім онлайн оқылды. Мұхаммедкәрімнің адвокаттары судьядан үкімге түсініктеме беруді сұрады. Бірақ судья оған назар аудармады. Үкім оқылғаннан кейін байланыс үзілді.
Думан Мұхаммедкәрім былтыр маусымда қамауға алынды. Оған қылмыстық кодекстің «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласу» баптары бойынша айып тағылған. Қылмыстық істің қозғалуына журналистің оппозициялық саясаткер, экс-банкир Мұхтар Әбілязовтан алған сұхбаты себеп болды. Мұхаммедкәрім осы видеода Мұхтар Әбілязовтың жақтастарынан ақша жинап жатқан есепшотын көрсеткен. Мұны құқық қорғау органдары ел аумағында тыйым салынған, ал Еуропарламент бейбіт ұйым санайтын «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысымен байланыстырып, «экстремизмді қаржыландыру» деп таныды. Мұхаммедкәрімнің өзі және адвокаттары іс қозғалған сәттен бастап тағылған айыпты жоққа шығарып келеді.