• Басты
  • >
  • Журналист Мұхаммедкәрімнің соты қарсаңында бірнеше белсендіні полиция ұстады

Журналист Мұхаммедкәрімнің соты қарсаңында бірнеше белсендіні полиция ұстады

01.08.2024

Бір жылдан астам уақыттан бері қамауда отырған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сотында соңғы сөз айтылады деген тұста бірнеше белсендіні полиция ұстады. 

Азаттық радиосының хабарлауынша, тіркелмеген «Атажұрт» партиясының жетекшісі Бекзат Мақсұтханды полиция үйінен ұстап әкеткен. 

– Есіктің алдынан алып кеткен. Ештеңе де түсіндірмеген. Қазір қай полиция бөлімінде екені белгісіз болып тұр, – деді белсендінің әйелі Нәзигүл Мақсұтхан Азаттық радиосына.

Бүгін түстен кейін Алматыдан Қонаев қаласына Думан Мұхаммедкәрімнің сотына бара жатқан жолда белсенді Абзал Достияровтың көлігін полиция тоқтатқан. Белсендінің өзі бұны сотпен байланыстырады. Белсендіні полиция Қонаев қаласына кірген бетте тағы да ұстап, белгісіз бағытта алып кетті.

Көлкіте белсендіден өзге құқық қорғаушы Ринат Рафқат, журналист Қойшыбек Мүбарак болған. 

29 шілдеде Қонаев қаласында жабық өтіп жатқан сот процесінде прокурор журналист Думан Мұхаммедкәрімді 7 жылға бостандығынан айыруды және оған 3 жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салуды сұраған.

Фото: құқық қорғаушы Ринат Рафқаттың Facebook парақшасынан


Сондай-ақ қараңыз