• Басты
  • >
  • Бас прокуратура: Жезқазған колониясында 11 қызметкер тұтқындарды азаптаған

Бас прокуратура: Жезқазған колониясында 11 қызметкер тұтқындарды азаптаған

04.04.2024

Ұлытау облысы Жезқазған қаласындағы сотталған адамдар жазасын өтеп жатқан №62 мекемеде 11 қызметкер тұтқындарды азаптаған. Бұл жөнінде Бас прокуратураға сілтеме жасап, Азаттық радиосы мәлімдеді.

Облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы азаптау фактісі бойынша ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша басқармасына қарайтын №62 мекеменің және Ұлттық ұланның №6505 әскери бөлімінің қызметкерлерін тергеген.

Прокуратура мәліметінше, ҚАЖК-нің 7 қызметкері мен әскери бөлімнің 4 қызметшісі «сотталғандарды кемсітіп, жазасын өтеп жатқан 11 адамды қорқытып, оларға күш қолданып, азаптаған».

«Қызметкерлер жасаған істерін құқық қорғау органдарынан жасыру үшін басшыларына сотталғандар мекеме мен әскери бөлім қызметкерлеріне бағынбады деп баяндаған», – деп жазылғаң хабарламада.

Тергеу барысында күдіктілерге бұлтартпау шарасы белгіленген, бірақ прокуратура хабарламасында ол туралы нақты айтылмады. Күдіктілер қызметінен уақытша шеттетілген.

Бас прокуратура 26 наурызда іс сотқа жіберілгенін хабарлады.

Қазақстан түрмелеріндегі азаптау фактілері жөнінде халықаралық ұйымдар жиі айтады. Мысалы, былтыр сәуірде БҰҰ Азаптауға қарсы комитеті делегациясы Қазақстанға келіп, түрмелерді, уақытша қамау изоляторларын, тергеу изоляторларын, полиция бөлімшелеріндегі қамау орындарын аралаған. Комитет Қазақстан түрмеге қамалғандарды азаптаудан қорғауды күшейтуі керек деген.

Фото: pxhere.com


Сондай-ақ қараңыз