• Басты
  • >
  • Алматыда белсенді Дархан Уәлиев қамалды

Алматыда белсенді Дархан Уәлиев қамалды

19.10.2023

18 қазанда Алматыда белсенді Дархан Уәлиев 15 тәулікке қамалды. Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзінше, оған «бейбіт жиын тәртібін бұзу» бабы бойынша айып тағылған. Белсенді 19 қыркүйекте «Әуежайды басып алу ісі» сотында қатыспақшы болып, Алматы қалалық сотына барған. Бірақ сот онлайн өтіп, жиналған халық процеске қатыса алмаған. Әкімшілік сот оны осы үшін 15 тәулік жазаға тартқан. Уәлиевтің өзі тағылған айыппен келіспейді. Ол сотқа митингке емес, ашық сотқа қатысқанын айтқан. Бірақ судья оны ескермеген. 

– Оны Лобачевский емес, уақытша қамау изоляторына қамады. 27 қазанда оның пробациялық бақылау мерзімі бітеді. Бұл соған әсер етуі мүмкін болғандықтан оны изоляторға қамаған болуы мүмкін, – дейді Жанара Балғабаева. Қорғаушы сот шешімін апелляцияға бермек. 

Қыркүйекте «Әуежайды басып алу ісі» бойынша өткен апелляциялық сот процесіне барғаны үшін бірнеше белсендіге айыппұл салынып, кейбірі әкімшілік қамауға алынған. «Әуежайды басып алу ісі» бойынша 19 қыркүйекте өткен сот отырысы даумен басталған. Қалалық сот алдына жиналған халық пен сотталушылардың адвокаттары істі офлайн өткізуді талап еткен. 

Оппозициялық саясаткер, қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әбілязов пен ҚДТ жақтастары қазақстандықтарды 25 қазанда митингке шығуға шақырған. Осы митинг қарсаңында елде белсенділерді қудалау күшейген. 

17 қазанда ІІМ 25 қазанда елде митинг өткізуге мүмкіндік бермейтінін мәлімдеген. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха ҚДТ (ДВК)  қозғалысына ел аумағында тыйым салынғанын алға тартқан. 

ҚДТ қозғалысын Қазақстан билігі «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне ел аумағында тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.


Сондай-ақ қараңыз