Таразда қаңтаршы бес «аруақтың» апелляциялық сотының келесі отырысы СИ-13 түрмесінде (N67 мекеме) өткізілмек. Марқұмдардың туыстары соттың бұл шешіміне қарсы. Олар «балаларымыз қылмыскер емес, қамауда да отырған жоқ, ондай болған жағдайда сотты зираттың басына барып өткізсін» дейді.
7 тамызда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза тапқан Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряева Masa Media тілшісіне марқұмдардың апелляциялық сотының келесі отырысы Тараз қаласындағы N67 мекемеде (СИ-13 түрмесінде) өтеді деген хабар алғанын айтты. Оның сөзінше, сот хатшысы ешқандай құжат жолдамаған. WhatsApp желісіндегі чат арқылы смс хат жазған Бірақ оған марқұмдардың ата-аналары қарсы шыққан.
– Біз СИ-13 түрмесіне бармайтынымызды айтып, сотқа хат жолдадық. Олар не себепті ол жаққа өткізгелі жатқанын түсінбедік. Балаларымыздың қайтыс болғанына бір жыл жеті ай болды. Олай болса әрқайсының моласының үстіне барып үкім шығарсын. СИ-13-те біздің балаларымыз отырған жоқ. Не үшін ол жерге барамыз… Ешқандай құжат жіберген жоқ. Апелляциялық сот хатшысы WhatsApp топқа смс хат жолдады. Біз қарсылығымызды білдіріп сотқа өтініш хат жібердік, – деді Закаряева.
Нигора Закаряеваның айтуынша, әзірге соттың қай уақытта өтетіні белгісіз.
Masa Media тілшісі мәселенің мән-жайын білу үшін сот хатшысына хабарласты. Бірақ ол телефонын көтермеді.
1 тамызда өткен сот отырысында айыптаушы прокурор Саяхат Бағдатұлы сот алқасынан іс бойынша сот-медициналық сараптама жүргізген сарапшылардан жауап алуға уақыт қажеттігін айтып, процесті кейінге қалдыруды сұраған. Сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммат Абидов өтінішті қанағаттандырған. Ал сотталушы марқұмдардың туыстары бастапқыда қарсы шығып, кейіннен келісіп, балаларын атқан оқтарды тауып беруді талап еткен.
– Баламды тек қана атып өлтірмеген. Баламды ұрып-соққан, қабағын сындырған. Басқа да жарақаттары бар. Сосын баламды атқан оқ жоқ. Баламның басын тесіп өткен оқты тауып берсін маған, – деген марқұм Райс Рысбековтің анасы Индира Бекежанова сот залында сөйлеген сөзінде.
Бірінші сатылы сотта іс бойынша 9 адам күдікті деп танылған. 7 ақпанда Тараз қалалық N2 сотының судьясы Бағдат Төребекұлы Асхат Тәшекеев, Ғани Керімбаев және Нұрбол Ережеповті кінәлі деп танып, рақымшылық заңын пайдаланып, шартты жазаға кесіп, Марат Бекбауды 2 жылға бас бостандығынан айырған. Ал Қаңтарда оққа ұшып, қаза тапқан – Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев, Тоқтар Ошақбай және Исатай Донбаевты кінәлі деп танып, қайтыс болуларына байланысты жазадан босатқан.