• Басты
  • >
  • Сәуірден бері ереуілдеп тұрған жаңаөзендік мұнайшылар наразылықты тоқтатты

Сәуірден бері ереуілдеп тұрған жаңаөзендік мұнайшылар наразылықты тоқтатты

14.06.2023

Тұрақты жұмыс талап етіп, «Өзенмұнайгаз» алдында ереуілге шыққан мұнайшылар наразылықты тоқтатты. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады. 

Сәуірдің басынан бері Жаңаөзенде тұрақты жұмыс талап еткен «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорнының бұрынғы жұмысшылары наразылықтарын тоқтатты.  Сейсенбі күні кешке «Өзенмұнайгаз» компаниясы наразы мұнайшылар «Мөлдір Мұнай Сервис» компаниясына жұмысқа орналасуға келіскенін хабарлады. 

– Жұмысты 20 маусымнан бастаймыз деп отырмыз. Егер алдап кетпесе, талаптарымыздың 90 пайызын орындауға уәде беріп отыр, – деді жұмыс талап еткен мұнайшылардың бірі Есенжан Әбдірахимов. 

Өткен аптада мұнайшылар «талабымыз орындалмаса, құрал-жабдығы тозығы жеткен, жұмысшылар құқығы қорғалмайтын, заңға бағынбайтын мекемеден жұмыс ұсынып, алдағылары келсе, Астанаға тағы да барамыз» деп мәлімдеген. 

«Өзенмұнайгаз» «БерӘлі» кәсіпорнының бұрынғы қызметкерлері «Мөлдір Мұнай Сервиске» ауысқаннан кейін бұрынғы еңбек жағдайы сақталатынын хабарлаған. 

Сәуірдің басында 100-ден аса мұнайшы Астанадағы энергетика министрлігі алдына түнеп, тұрақты жұмыс пен жалақы талап еткен. 11 сәуір кешкісін оларды арнайы жасақ пен полиция ұстаған. Осыдан кейін Жаңаөзен, Ақтау, Атырау, Алматы, Астана, Орал қалаларының белсенділері мұнайшыларды босатуды талап еткен. 

12 сәуірде мұнайшылардың көбісі Жаңаөзенге қайтып, 10 адам келіссөз жүргізуге қалған. Кейіннен олар келісімге келе алмағандарын айтқан. 


Сондай-ақ қараңыз