• Басты
  • >
  • Астана соты Қаңтарда соққыға жығылған қырғыз музыкантының шағымын қанағаттандырмады

Астана соты Қаңтарда соққыға жығылған қырғыз музыкантының шағымын қанағаттандырмады

25.05.2023

Астана соты Қаңтарда соққыға жығылған қырғыз музыканты Викрам Рузахуновтың шағымын қанағаттандырмады. Бұл жөнінде музыканттың өзі Instagram парақшасында жазды. Ол арызында Қазақстан ішкі істер министрлігін жауапқа тартып, өзінен кешірім сұрауды талап еткен. 

Викрам Рузахуновтың сөзінше, бірінші сатыдағы алғашқы сот отырысы 19 мамырда өткен. Музыкантты қорғау тарабы соттан 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда ол туралы таратылған ақпаратты шындыққа сәйкес келмейді деп танып, ресми түрде кешірім сұрауды талап еткен.

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның құқық қорғау органдары Рузахуновты ұстап, ұрып-соғып, мемлекеттік телеарналар оны «тәртіпсіздікке қатысқан» күдіктілердің бірі ретінде көрсеткен. Ол видеода «Қырғызстаннан Қазақстанға қарсылық митингісіне қатысу үшін 90 мың теңге алғаны» жөнінде айтқан. 

Видео тарағаннан кейін қырғызстандықтар Викрам Рузахуновты танып, оның ешқандай да бұзақы емес, танымал музыкант екенін айтып, босатуды талап еткен. Кейіннен ол босатылған. 

Рузахуновтың айтуынша, онлайн сотта Алматы қалалық полиция департаменті, Қазақстан ішкі істер министрлігінен, мемлекеттік «Қазақстан» телеарнасы өкілдерінен жауап алынған.

Тараптарды тыңдаған сот оның шағымын қанағаттандырмаған. Сот пен ІІМ әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. 

Бұған дейін сараптама Рузахуновтың денсаулығына ауыр зақым келгенін анықтаған. 2022 жылы Рузахунов Қазақстаннан өтемақы талап ететіні хабарланған.

Қазақстанда Рузахуновтың соққыға жығылуына байланысты «азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. 2022 жылы мамырда ол Алматыдағы тергеу шараларына бармағаны үшін істің уақытша тоқтағаны белгілі болған. 2022 жылы қыркүйекте тергеу амалдары қайта жалғасты. Музыкант өзін ұрып-соққан 10-нан астам полицейдітаныған. Рузахуновтың соққыға жығылуына байланысты қырғыз милициясы да қылмыстық іс қозғаған.