Белгілі құқық қорғаушы Анар Ибраеваның арызынан кейін, БҰҰ жөнсіз ұстаулар жөніндегі Жұмыс тобы Демпартия жетекшісі Жанболат Мамайдың ісіне пікір білдіріп, оны бас бостандығынан айыру жөнсіз деп бағалады.
Құжатта Жанболат Мамайды қорғау тарабының және Қазақстан үкіметінің жауабы көрсетілген.
«Жұмыс тобы Мамай мырзаны бас бостандығынан айыру жөнсіз деп санайды, себебі ол Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 19 және 20-баптарына сәйкес кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру аясында әрекет етті», – делінген БҰҰ Жұмыс тобы жариялаған құжатта.
Бұдан бөлек, құжатта БҰҰ Жөнсіз ұстаулар жөніндегі Жұмыс тобы Қазақстан үкіметіне үндеу жасаған. Онда Қазақстан билігінен Жанболат Мамайға қатысты қабылданған шешімдерді түзетуді сұраған.
«Жұмыс тобы Қазақстан Үкіметінен Мамай мырзаның жағдайын дереу түзетуді және оны тиісті халықаралық нормаларға, оның ішінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде баяндалған нормаларға сәйкес келтіру үшін қажетті шаралар қабылдауды сұрайды», – делінген құжатта.
Сонымен бірге, БҰҰ Жұмыс тобы Қазақстан үкіметіне Жанболат Мамайдың өтемақы талап етуіне құқығы болуы керегін еске салып, ҚР Үкіметі БҰҰ-ға алты айдың ішінде жауап беруі қажеттігін айта отырып, олай болмаған жағдайда өз тарапынан әрекеттер жасалатынын ескерткен.
Оппозициялық саясаткер, тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамайды Қазақстан соты алты шылға шартты жазаға соттап, дәл осы мерзімге қоғамдық-саяси жұмыспен, журналистикамен айналысуға тыйым салған. Саясаткердің өзі және жақтастары істің саяси астары бар деп есептейді.
Жанболат Мамайға «билік өкіліне тіл тигізу», «жалған ақпарат тарату» және Қаңтар оқиғасы кезінде «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айыптар тағылған. Ол өзіне тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспеген.