• Басты
  • >
  • Журналист Думан Мұхаммедкәрім 25 тәулікке тағы да қамалды

Журналист Думан Мұхаммедкәрім 25 тәулікке тағы да қамалды

02.05.2023

Журналист Думан Мұхаммедкәрім «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен 25 тәулікке қамалды. Сот шешімі 2 мамырға қараған түні Қонаев сотында оқылды. 

Прокурор сотта журналистің 30 сәуір күні таратқан видеосында «митингіге шақыру» туралы «жасырын үндеу» барын айтқан. Ал адвокат Ғалым Нұрпейісов оған қарсы шығып, видеода ешқандай митингіге шақыру жоғын дәлелдеген. 

Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен 405-бап бойынша («тыйым салынған ұйым ісіне араласу») да қылмыстық іс қозғалған. Журналистің статусы – қорғалуға құқығы бар куәгер. Істі Іле аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.

– 405-баптың 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 25 тәулік өткен соң Думанды қамауға алуы мүмкін. Сараптаманы тездетіп жатыр. Мақсаты – Думанның аузын жабу, – деді Ғалым Нұрпейісов. 

Адвокат сот шешімін апелляцияға беретінін айтты. Ал полиция іске қатысты ешқандай түсініктеме бермеді.