• Басты
  • >
  • Қаңтар оқиғасы: Жәбірленушілер ҰҚК қызметкерлерінің сотын ашық өткізуді талап етті

Қаңтар оқиғасы: Жәбірленушілер ҰҚК қызметкерлерінің сотын ашық өткізуді талап етті

25.04.2023

25 сәуірде Алматыда Қаңтар оқиғасы бойынша сотқа жәбірленуші ретінде қатысып жүрген екі адам ҰҚК қызметкерлерінің соты жария өтсін деген мәлімдеме жасады.

Баспасөз жиынына «Қаңтар оқиғасында ҰҚК қызметкерлері себепсіз ұстап, азаптаған» Бекболат Исабеков пен Асқар Смағұлов және олардың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева қатысты.

Олардың сөзінше, қазір Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотында ҰҚК Алматы қалалық департаментінің 11 қызметкерінің ісі қаралып жатыр. Күдіктілердің төртеуі абақтыға қамалған, жетеуі үйқамаққа шығарылған.

Бекболат Исабековтің сөзінше, Қаңтар оқиғасы кезінде оны «Қазақстан» қонақүйінің маңында белгісіз адамдар ұстап, қинаған, әлдебір қағазға қол қоюды талап етіп, ұрып-соққан. Одан кейін ҰҚК қызметкерлеріне тапсырған.

– ҰҚК қызметкерлері «Мұхтар Әблязовтың адамы екеніңді мойындап, хаттамаға қол қой, әйтпесе, өлесің» деп қорқытты, – дейді Бекболат Исабеков. Ол осы азаптаулардан кейін бір құлағы мүлде естімей қалғанын айтады.

Баспасөз жиынына қатысқан Асқар Смағұлов Қаңтар оқиғасында азаптаған ҰҚК қызметкерлерін тергеудегі беттестіру кезінде танығанын, қазір сотқа барып жүргенін айтты.

Бекболат Исабеков те, Асқар Смағұлов та сот жабық өтіп жатқанына разы емес, олар процеске қоғам мен баспасөз өкілдері қатысқанын, сот жария болғанын қалайды.

– Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы Күдебаев сот кезінде қамауда отырмай, қашып кеткеннен кейін үйқамақтағы ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерлерінің де сотқа келмей қоюға мүмкіндігі бар деп білеміз. Құпия құжат, құпия іс болса, сотты жабық өткізуге негіз бар. Ал мына азаптау бойынша сотты жабық өткізуге еш себеп жоқ, – дейді адвокат Гүлнәр Жуаспаева.

Бұған дейін Алматы қаласы Алмалы аудандық соты ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мажиловті алты жылға бас бостандығынан айырғаны хабарланған. Оның ісі жабық сотта қаралған.

7 сәуірде Талдықорған соты ҰҚК Алматы облыстық департаментінің бастығы Сәбит Құрманәлиевті алты жылға бостандығынан айырған. Оның ісі де жабық сотта қаралған.

Кеше Астана соты ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті 18 жылға, оның үш орынбасарын 3 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Бұл істер де жабық қаралып, сот процесі қоғамға жарияланбаған.