• Басты
  • >
  • Бейнеу соты белсенді Қорбақовты сегіз тәулікке қамады

Бейнеу соты белсенді Қорбақовты сегіз тәулікке қамады

25.04.2023

24 сәуірде Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық соты жергілікті белсенді Мерей Қорбақовты полицияға бағынбағаны үшін сегіз тәулікке қамау туралы шешім шығарған.

Жергілікті белсенділердің сөзіне қарағанда, Қорбақов сенбі күні қамалған, содан бері байланысқа шықпаған, ұялы телефоны ажырап тұр. Белсенді Жадыра Досекееваның хабарлауынша, Мерей Қорбақов партия ретінде тіркелуге әділет министрлігіне құжат тапсыратын “Нағыз Атажұрт” ұйымының белсенділеріне қосылу үшін Астанаға пойызбен аттанбақ болған.

Сот материалына қарағанда, Бейнеу ауданының полициясы “сотты құрметтемеді” деген себеппен одан полиция бөліміне келуді талап еткен, бірақ Қорбақов “бармай, полиция талабына бағынбаған”. Сот Қорбақовтың әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны полиция хаттамасымен, полицейлердің сөзімен және видеожазбамен дәлелденді деп есептеген. Бұл жөнінде Қорбақовтың өзімен сөйлесу мүмкін емес. Бейнеу ауданының судьясы Айгүл Елеусінова Мерей Қорбақовты қамау мерзімі 23 сәуірде сағат 6.00-дан басталатыны туралы қаулы шығарған.

Қытайдың Шыңжаң автономия ауданындағы қазақтар мәселесін жиі көтеріп жүрген “Нағыз Атажұрт” ұйымының белсенділері дүйсенбі, 24 сәуірде ұйымдарын партия ретінде тіркеу үшін әділет министрлігіне құжат тапсырған.

9 сәуірде 34 жастағы Мерей Қорбақов әлеуметтік желі арқылы алаңнан тіке эфирге шығып тұрғанда ұсталған. Сол күні Қазақстанның әртүрлі қалаларында 19 наурыздағы парламент сайлауының ресми қорытындысын мойындамағандар митингіге шыққан. Бейнеу аудандық соты Қорбақовты “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарған. Қорбақов бұл айыпқа келіспеген.

Маңғыстау облысы Бейнеу ауылының тұрғыны Мерей Қорбақов әлеуметтік желідегі парақшасында жергілікті билікті сынап, бейбіт митингілерге қатысып жүрген. 2020 жылы “полиция қызметкеріне күш қолданды” деген айыппен үстінен қылмыстық іс қозғалған. Белсендіні қолдаушылар бұл іс ойдан шығарылған деп мәлімдеген. 2020 жылы жергілікті сот оны 40 сағат қоғамдық жұмыс істеуге жеккен.


Сондай-ақ қараңыз