Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров шетелде соғысуға кеткен немесе барғысы келетін Қазақстан азаматтарына үндеу жасады. Ол заң бойынша шетелде соғысқан азаматтар заң бойынша жазаланатынын айтты.
– Біз ескерткіміз келеді, қандай да бір азамат соғысқа барған немесе барғысы келген болса, онда ол Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол жақта ешқандай романтика жоқ. Және айтқым келеді, жігіттер бұл сендердің соғыстарың емес!, – деді ол.
Айбек Смадияров Ресейдің «Вагнер» әскери компаниясының құрамында Украинадағы соғысқа аттанған қазақстандық студент Марғұлан Бекенов жөнінде де айтты.
– Барлығымыз ересек адамдармыз. Бұл жігітте кәмелет жасына толған. Ол өз бетімен осындай шешім қабылдаған. Өте өкінішті әрине. Біз ата-анасымен байланыстамыз. Көмектесіп жатырмыз. Ресей Федерациясының тиісті органдарының барлығына сауал жолдадық. Бірақ ол Қазақстанға оралған бетте қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескеру қажет, – деді Смадияров.
Бұған дейін, БАҚ-та Томск мемлекеттік университетінде оқитын қазақстандық студент Марғұлан Бекенов ресейлік «Вагнер» жеке әскерінің қатарында Украинадағы соғысқа аттанғаны жөнінде ақпарат тараған.
Бекеновтің анасы Алмира Бекенова Азаттықтың Сибирь. Реалии сайтына ұлын «Вагнерге» күштеп, соғысқа әкеткенін айтқан.
«Наурызда ол Томскіден аяқастынан Краснодар аймағына кеткенде қатты таң қалдық. Ол қызыма кеттім деді, кейін оны ұрлап, арбап «Вагнер» тобына қосқаны белгілі болды. Онымен Молькинода кездесуге мүмкіндік алдым, ол жердің бәрінде вагнерліктердің плакаттары ілулі тұр. Ұлыммен дұрыстап сөйлесуге мүмкіндік берген жоқ, жағдайы қиын. Ұлым келісім шартқа қол қоймадым деп отыр», – деген ол.
Бірақ кейіннен Марғұлан Бекеновтың өзі әлеуметтік желіге бейнеүндей жариялап, «Вагнер» қатарына өз еркімен барғанын айтқан.