• Басты
  • >
  • Сириядағы соғыстан кейін арбаға таңылған жігіт: Соңғы күндерімді анамның жанында өткізсем деймін

Сириядағы соғыстан кейін арбаға таңылған жігіт: Соңғы күндерімді анамның жанында өткізсем деймін

24.04.2023

Атыраулық Ермұхан “әділ мемлекет” іздеп, Сирияға “жиһадқа” кетіп, сал болып оралды. Қазақстан соты оны “терроризм” бабымен ұзақ мерзімге соттады. Жүріп-тұра алмайтын ол қазір үйіне қайтып, “анасының қасында соңғы күндерін” өткізуді ғана тілейді. Ал Қазақстан заңдары оны мерзімінен бұрын босатуға да, жазасын жеңілдетуге де рұқсат бермейді.

“Маған өлім жазасын беруін сұраймын”

– “Ислам мемлекеті” жайлы бейнероликтер көріп, алданып кеттік… Ол жаққа соғысу үшін емес, “Ислам мемлекетінде” өмір сүру үшін барған едік… Адам болған соң, қателеседі. Бірақ қатені кеш түсіндік…

“Ислам мемлекеті” (“ДАИШ”) – Сирия мен Иракта әрекет етіп, сол жерде “мемлекет құрдық” деп жариялаған ұйым. Олар радикал діни идеологиясын Қазақстан аумағына да таратып, жүздеген адам сол жаққа соғысқа аттанған. “ДАИШ” Қазақстанда террорлық ұйым деп танылып, оған тыйым салынған.

Желіде тараған видеода мүгедек арбасында теріс қарап сөйлеп отырған жігіт – атыраулық Ермұхан Айыпқалиев. Ол – Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған “Жусан” операциясы аясында Сириядан елге қайтарылып, кейін ұзақ жылға сотталғандардың бірі.

Сирияда соғысып келген 14 адамның 2019 жылы өткен сотына ауруханадан бейнебайланыс арқылы қатысқан Айыпқалиев судьяға “тірі өлік сияқтымын, басым мен жүрегім ғана жұмыс істеп тұр… маған өлім жазасын кесуді сұраймын” деген еді. Сот оған “террористік топ жұмысына қатысқаны” және “террористік дайындықтан өткені үшін” 8 жыл бостандығынан айыру жазасын берген. Содан бері ол Атырауда түрмеде отыр. Турасын айтқанда, жатыр. Себебі ол басын көтеріп отыра алмайды. Сот процесі кезінде де “асты-үстімді абақтыдағылар тазалайды” деген еді. Арада үш жылдай уақыт өткенде әйелі Ұлмекен “жағдайы әлі сондай” дейді.

Өкініш

Ермұхан 2009 жылы Ұлмекенмен Атырауда мұсылманша некелескен. Радикал діни салтты ұстанған ол “шариғат заңына сай өмір сүруді” аңсап, 2014 жылы Сирияға аттанған. 12 күннен соң артынан әйелі де жетеді. Одан кейінгі өмірі астаң-кестен… Ұлмекеннің айтуынша, өздері сеніп барған “ДАИШ” күйеуін жалдамалы жендетке айналдырған.

Артынан барған Ұлмекен күйеуін “ДАИШ” түрмесінен табады. Сол кезде-ақ оның құжаттарын алып қойған екен. Одан соң физикалық дайындықтан өтіп, қару қолдануды және ұрыс тактикасын үйрету үшін оны бейімдеу лагеріне жіберіп, қолына қару берген. Әйелінің айтуынша, қателескенін сол кезде-ақ түсінген күйеуі жолдастарымен бірге Қазақстанға қайтар жол іздеп, қашуға әрекет жасайды. Алайда “ДАИШ” өкілдері олардың ойын біліп қалып, қамап тастаған.

– Содан кейін күйеуім мен оның жолдастары “қашпаймыз, кетпейміз” деп, өтірік келіскен болып амалсыз көніп, сонда қалды. Бостандыққа шыққан соң, оларды үгіттеп, әскери дайындыққа мәжбүрлеп жіберді. Көнбегендерді қинап өлтіріп жатты, – дейді Ұлмекен Азаттыққа сұхбатында.

Ауыр күрсінген ол қашпақ болып, осылай жазаланған жерлесінің тағдырын егіле отырып баяндады. Ұлмекеннің айтуынша, “кетеміз” дегені үшін Атыраудан Сирияға Ермұханмен бірге барған жігіттің басын кесіп тастаған.

– Өзі [қашпақ болғаны үшін] екі ай түрмеде жатты. Кейін әйелінің қолына “жазаладық” деген қағаз берді. Үш баласымен әйелі “Жусан-3” операциясымен елге оралды. Оған күйеуінің денесін көрсеткен жоқ. Әйелі күйеуінің өлгенін растайтын куәлік ала алмай жүр, себебі қолында не өлі, не тірі деген қағаз жоқ. Тіпті күйеуінің өлгенін көрген куә да жоқ, – дейді Ұлмекен.

“Мынадай жағдайда [“ДАИШ-қа”] керегім болмады деп ойлаймын. Аяғым сау болса, мені де өлтіріп тастар еді” дейді Ермұханның өзі видеода.

Сириядағы қарулы қақтығыста Айыпқалиев “ДАИШ” террорлық тобы құрамында соғысып, бірнеше рет ауыр жарақат алған. Бірінші рет 2014 жылғы желтоқсанда жамбасына бомба жарықшағы тиіп, төрт айдай төсек тартып жатқан. Кейін балдақпен жүріп, оңалып келе жатқан кезде 2016 жылы екінші аяғына бомба жарықшағы тиіп, тағы жүре алмай қалады.

2017 жылы ұшақ бомбасының жарықшағы Ермұханның омыртқасына тигенде жұлынын1,5 см жаралап, кеуде тұсына қадалған. Қазір жарықшақ жүрегіне 4 см жетпей тұр.

Сегіз жыл жаза

Ермұхан 2019 жылы Сириядан елге депортацияланады. “Жусан” арнайы операциясы аясында сол жылы Сириядағы жанжал аймағынан 800-ге тарта адам Қазақстанға жеткізілген, көбі – әйелдер мен балалар.

Сирия мен Ирак аумағында ұрыс қимылдарына қатысты деген күдікке ілінгендер Қазақстанға оралғаннан кейін ауыр айыптармен сотқа тартылған.

Ермұхан Айыпқалиевпен бірге 14 адамның ісі Астана (ол кездегі атауы – Нұр-Сұлтан) қалалық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. “Террорлық топ құрамына кірді”, “терроризмді насихаттады”, “қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын материалдар таратты” деген сияқты түрлі ауыр айып арқалағандардың ісі үлкен резонанс тудырды. Прокурор оларға 10 жылдан 17 жылға дейін түрме жазасын сұраған.

Айыптау Айыпқалиевті 12 жылға бостандығынан айыруды сұрағанымен, сот сегіз жыл жаза кесті. Ол Қылмыстық кодекстің 257-бабының 2-тармағы (“террорлық топ жұмысына қатысу”) және 260-бабы (“террористік және экстремистік дайындықтан өту”) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл – осы баптар бойынша ең жеңіл жаза.

Үкім 2020 жылғы ақпанда оқылған. Ал Атыраудағы қауіпсіздігі орташа саналатын №15 мекемеге сол жылғы наурызда жеткізілді. Мүгедектікті оған түрме әкімшілігі 2020 жылғы сәуірде алып берген. Яғни үкім шыққан кезде мүгедектігі болмаған.

Ұлмекен күйеуін он екі мүшесі сау адам ретінде соттау әділетсіз деп есептеп, бастапқы үкімді бұзуды талап етіп, Бас прокуратураға арыз жазған. Ол күйеуін мүгедек ретінде қарастырып, ісін қайта зерттеуді сұрайды. Күйеуін босатуды өтініп, басқа мекемелерге, халықаралық ұйымдарға да қайырылған, бірақ, өзінің айтуынша, ешқайсысынан мардымды жауап ала алмай отыр.

Содан бері Айыпқалиев жазасының жартысын өтеген. Әлі төрт жылы бар.

“Экстремистік топ қатысушыларын әшкерейлеуге белсене қатыспаған”

Әйелінің айтуынша, Ермұханға қазір 22 жастағы сотталған жігіт көмектесіп отыр. Кірін жуып, жөргегін ауыстырып, тамағын береді. Бірақ Ұлмекен “бұл аздық етеді, оған кешенді күтім қажет” дейді. Оның айтуынша, түрмедегі медициналық-санитариялық бөлімше дәрігерлері оны оңалтуға жібермей отыр.

Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, бомба жарықшағы жұлынды зақымдаған, сондықтан Ермұхан өмір бойы мүгедек болып қалған. Бірақ оған мүгедектік анықтамасын әуелі екі жылға, кейін бір жылға берген.Құжаттарды кері жинаған соң, үшінші кезекте бес жылға беріпті.

“Мүгедектік анықтамасын өмір бойына берсе, Ермұханның жазасын жеңілдетуге не шартты түрде босатуға мүмкіндік болар ма еді” дейді Ұлмекен.

Айыпқалиев өзін шартты түрде мерзіміненбұрын босатуды сұрап, екі рет өтініш жазған. Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының міндетін атқарушы Қайрат Шонаевтың айтуынша, мекеме сотталушының жеке құжаттарын жинақтап, Атырау қалалық №2 сотына жолдаған. Алайда сот Айыпқалиевтің өтінішін қанағаттандырмады.

“Сотталған Айыпқалиев террористік қылмыс жасағаны үшін бостандығынан айырылған. Террористік қылмыстарды болдырмауға, ашуға немесе тергеп-тексеруге, террористік немесе экстремистік топтардың қатысушыларын әшкерелеуге белсенді түрде жәрдемдеспеген. Мұндай жағдайда сотталғанның өтініші қанағаттандырудан бас тартуға жатады” делінген 2022 жылғы 10 тамыздағы сот қаулысында.

Сонымен қатар Айыпқалиев ауруына байланысты жазаны өтеуден босатуды сұрап, 2022 жылғы 12 желтоқсанда Атырау қалалық №2 сотына өтінішін жолдаған. Өтініш 2023 жылғы 9 қаңтарда қаралып, ол да қанағаттандырылмай қалған. Онда да “жазаны жеңілдететін мән-жай анықталмады”, “террористік не экстремистік топ мүшелерінің қылмысын әшкерелеуге көмектеспеді” деп жазылған.

Ресми органдар не дейді?

Қайрат Шонаевтың Азаттыққа хабарлауынша, Ермұхан Айыпқалиев қазір денсаулығына байланысты қауіпсіздігі орташа саналатын №15 мекеменің медициналық-санитариялық бөлімшесінің палатасында жазасын өтеп жатыр. Бұл мекемеде қазір сегіз сотталушының мүгедектігі бар.

“[Айыпқалиев] мекеменің медициналық-санитариялық бөлімі медицина қызметкерлерінің қадағалауында, сонымен қатар сотталғандардың ерікті ұйымынан бір адам тұрақты түрде күнделікті мұқтаждықтар бойынша көмек береді, күтім жасайды, мекеменің ауысым қызметкерлері бір сағат сайын тексеріс жүргізіп, бейнебақылау жүйесі арқылы қадағалап отырады” делінген Қайрат Шонаевтың хатында.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің Азаттыққа берген жазбаша жауабына қарағанда, Айыпқалиевке медициналық-әлеуметтік сараптама жасалып, ауру сипатына қарай оған 2021 жылы 1-топ мүгедектігі бес жыл мерзімге берілген. Оның дерті денсаулық сақтау министрлігінің “жазасын өтеуден босатуға ұсынылатын аурулар тізбесіне кірмейді.

Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, Айыпқалиевтің ауруы – сотталғанға дейін алған жарақаттың салдары және мекемеге келгелі оның ахуалы “нашарламаған”.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы “Айыпқалиев алты ай сайын оңалтудан өтіп отыруға тиіс” дейді. Ал әйелінің айтуынша, ол төрт жылда екі рет қана оңалтудан өткен.

“Еенді қанша өмірі қалғанын біледі?”

Айыпқалиев соттағы сөзінде “арбаға таңылып, Құдайдан жазасын алғанын” айтқан. Әйелі де Ермұхан басына азап тілеп алғанын, қазір тек күтім керек екенін айтып, оны қамаудан босатуды сұрайды.

Әйелінің айтуынша, оның денсаулығы күннен-күнге нашарлап бара жатыр. Ол күйеуім түрмеде өліп қала ма деп қорқады.

– Қыста қайта-қайта қызуы көтеріліп, ауырып шықты. Жылда сол. Ермұханның екі қолы істейтіні болмаса, кеудесінен төмен жағы жансыз. Ішкі құрылысы, соның ішінде асқазаны мен бүйрегі дұрыс жұмыс істемейді. Ас табиғи жолмен шықпаған соң, бүйрегі ауырады, асқазаны дұрыс қорытпай, құсады. Қазір қызуы көтеріліп тағы ауырып тұр. Несебі де жүрмей қала береді. Оған тамақты нормасымен беру керек, ол өзі тойған-тоймағанын сезбейді. Ермұханның енді қанша өмірі қалғанын кім біледі, ол өзі де ең болмаса, анамның қасында соңғы күндерімді өткізсем деп армандайды, – дейді Ұлмекен.


Сондай-ақ қараңыз