Жуырда түрме жазасы жеңілдетіліп, үйіне жіберілген диссидент ақын Арон Атабектің кеше реанимацияға түскені туралы ақпарат тараған. Бұл жөнінде Арон Атабектің қарындасы Рәзия Нұтышева хабарлаған. Бүгін таңертең ақынның комаға түскені белгілі болды.
Bureau.kz тілшісі телефон арқылы хабарласып, қарындасы Рәзия Нутушевадан ақпараттың растығын сұраған еді.
«Кеше түнгі онның шамасында дәрігер сатурациясының қатты төмендеп, комаға түскенін телефон арқылы хабарлады. Түнгі бірде кішкене есін жиған екен. Таңға жуық қайта комаға түскенін айтты. Оны өкпені жасанды желдету аппаратына қосып қойды. Қай аурухана екенін хабарлай алмаймыз, себебі, жеке клиника», – деді қарындасы.
Биыл 1 қазанда Павлодар соты 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған Арон Атабектің қалған жаза мерзімін бостандығын шектеу жазасына ауыстырып, ақынды “денсаулық жағдайына байланысты” түрмеден шығарған.
5 қазан күні белсендінің жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға шұғыл жеткізілген. Кейін Атабектің ауруханаға жатудан бас тартқаны белгілі болды. Артынша ол үйінде жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатқаны хабарланды.
Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың тамыздың 18-і күні Азамаптаулардың алдын алудың ұлттық алдын алу тетіктері тобының өкілдері Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан саяси тұтқын Арон Атабекке барған еді.
Кездесу барысында Арон Атабек топ мүшелеріне денсаулығына байланысты шағымдарын айтқан.
«Екі қолым аурады, жоғары көтере алмаймын, бүгілмейді, қаламсап ұстаудың өзі қиын. Аяғым да ауырады, камера ішінде ғана жүремін, серуенге шығудан бас тарттым. Таксафонға коляскамен барамын. Этапта соққыға жыққан кездегі жарақаттарым болу керек. Толық (медициналық-ред) тексеруден өтуді ұсынды, бірақ мен одан бас тарттым. Себебі менің жасымда сәуле (облучение) алу қауіпті деп есепеймін», – деген Арон Атабек.
Кездесу соңында Арон Атабек мерзімінен бұрын босатуға өтініш жазбайтынын, үш жылдан кейін бостандыққа шыққан соң толықтай өтемақы төлетуге шағымданатынын жеткізген. Бұған қоса мекеме басшысынан мерзімінің соңына дейін ешқайда ауыстырмауын сұрап, соңына дейін осы жерде қалатынын мәлімдеген.