Жаңаөзенде қала тазалығымен айналысатын “Тазалық-С” мекемесінің төрт күннен бері жалақыны көтеріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жүргізушісі мен жүкшілеріне 22 шілдеде көше сыпырушылары да қосылды.
«Әзір ешқандай шешімге келген жоқпыз. 19 шілдеден бері тапжылмай мекеменің алдында жатырмыз. Төрт-бес адамды келісім комиссиясына дайындап қойып отырмыз, ұсыныс айтылса. Кеше мәслихат депутаттары келіп, сөйлесейік деген сыңай танытып кеткен. “Тұрыстарың заңсыз” деген қала әкімі орынбасары мен прокуроры келіп кетті. Біз оларға ереуілге шығатынымыз туралы ескерту бергенбіз», – дейді ереуілдеген жүргізушілердің бірі Азаттыққа.
Олардың айтуынша, жалақы мәселесі екі жылдан бері айтылып келе жатыр. Бірнеше рет жиналыс өткенімен нәтиже болмаған. Жұмысшылар аз жалақы алатыны өз алдына күннің ыстығы 58 градусқа дейін көтерілгенде де өздерін жұмыс істеуге мәжбүрлеп, демалуға отырсақ қудалайды деп шағымданады.
«Алатын айлығымыз 60-70 мың теңге. Біз жалақымызды жүз пайызға көтеріп, тиісті еңбек демалысымыздың ақысын және еңбекақымызды уақтылы беруді талап етеміз. Қымбатшылық болса қысып тұр», – деді кеңсе маңына жиналған жұмысшылардың бірі.
Олар мекемеде жұмыс жағдайының мүлде жоқтығын, арнайы киім, қолғап, сабын берілмейтінін, зиянды еңбек үшін де ештеңе төленбейтіні айтады.
Ереулге қатысушы Данагүл Унаева “зиянды жұмыс үшін бір литр сүтті төрт күнге бөліп береді” дейді.
“Тазалық” мекемесінің бастығы Серік Тастанбаев мемлекет тариф бағасын көтермей, жалақыны көтерілмейтінін айтты.
«Біз үкімет белгілеген тарифпен жұмыс жасайтындықтан тариф бағасы көтерілмей біз “жалақы көтеріледі” деп кесіп айта алмаймыз. Біздің де өз шығынымыз бар. Дизель жағар майының литрі – 85 тенгеден 230 теңгеге өсті. Мотор майының бағасы қымбаттады», – дейді ол.
“Тазалық-С ” мекемесінде 219 адам жұмыс істейді. Мекеме бастығының сөзінше, ең жоғары жалақыны жүргізуші алады, сағатына 1000 теңгеден есептегенде қолына ай сайын 168 мың теңге тиеді. Ал жүкшілер 73 мың теңге жалақы алады.
Қала тазалықшылары 2019 жылы да жалақыларын ала алмай отырғанын айтып, әкімдікке жиналған еді.