Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүрген бір топ адам шағын үзілістен кейін 13 шілдеде Қытай консулдығы алдындағы наразылықты қайта жалғастырды. Олар бұған дейін астана күнгі мейрамдар қарсаңында 12 күн үзіліс жариялаған.
Сейсенбі күні консулдық маңына 5 адам жиналды. Наразылықтың 156-күні олар Қытайда қамалған туыстарының суреттерін ұстап тұрды, Пекиннен оларды босатуды талап етті.
« Біз күресті тоқтатпаймыз. Біздің сөйлеу еркіндігіміз бар. Біз Қазақстан билігіне қарсы болып тұрған жоқпыз. Қытай тақырыбына келгенде ешқашан тоқтамаймыз. Жақындарымызды іздегеніміз өте заңды. Бізге отбасымызды іздегеніміз үшін айыппұл салса, санкция салса, ол дұрыс деп ойламаймын. Өз басым анам мен екі інімді іздеп жүрмін. Олар келмейінше пикетті тоқтатпаймын», – деді наразылардың бірі Ақиқат Қалиолла Азаттық тілшісіне.
Ол Фейсбуктағы парақшасының қайта-қайта бұғатталып жатқанына да шағымданды.
Полиция әдеттегідей наразыларды Қытай консулдығына жолатпай, консулдықтан шамамен 50 метр жерге темір шарбақ қойып қойды.
Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдындағы наразылық ақпан айында басталған. Наразылар Қытай билігінен Шыңжаңда “жазықтан-жазықсыз” қамалған жақындарын босатуды талап етеді. Әлі күнге дейін консулдықтан наразылардың алдына ешкім шыққан жоқ.
Сәуір айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың “Қытай азаматы” екенін және олардың “Қытай заңын бұзғанын” айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі “өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын” айтып келеді.
Бұған дейін Алматы соты Қытай консулдығы алдында пикет өткізген адамдарды бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартқан.
Бұған дейін халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман топтарға “геноцид” жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.