• Басты
  • >
  • Белсенді Еркін Сабаншиевтің бостандығы бір жылға шектелді

Белсенді Еркін Сабаншиевтің бостандығы бір жылға шектелді

08.04.2021

“Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты” деп айыпталған Талғар қаласының тұрғыны 36 жастағы Еркін Сабаншиевті сәрсенбі күні аудандық сот кінәлі деп тауып, қамаудан босатты. Алматы облысы Талғар ауданының соты оның бостандығын бір жылға шектеп, үш жыл әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салды. Азаттыққа берген сұхбатында Сабаншиев үкімді апелляцияға беретінін айтты.

“Үш жылға тыйым салды, Youtube-қа шықпауым керек, ешқайда бармауым керек. Үкімді апелляцияға беремін. Әрі қарай күресе береміз” деді Сабаншиев.

Еркін Сабаншиев елде тіркелмеген “Көше партиясы” қозғалысын (бұл ұйымды Қазақстан соты “экстремистік ұйым” деп танығанмен Еуропарламент “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атаған) қолдағаны үшін айыпталған. Бақылаушылардың ақпаратынша, оған тайылған айып әлеуметтік желілердегі жазбалар мен сараптама қорытындысына негізделген. Сейсенбі күні жарыссөз кезінде прокурор оны кінәлі деп танып, бостандығын бір жылға шектеуін сұраған. Үш жыл қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салуды да өтінген.

Белсендінің адвокатының сөзіне қарағанда, алты айға созылған тергеу амалдары Сабаншиевтің тыйым салынған ұйымға қатысы барын көрсететін айғақ таба алмаған. Істі судья Еркебұлан Келімсейітов қараған.

Сот үкімі күшіне енгеннен кейін Сабаншиев үш жыл әлеуметтік желіге кіріп, жазба қалдыра алмайды. Жергілікті пробация қызметінің бақылауында болады. Ел аумағынан шығуына тыйым салынған. Егер бұл шарттар орындалмаса, белсендінің шартты жазасы түрме жазасымен алмастырылуы мүмкін.

Сабаншиев былтыр жыл соңында ұсталған және үйқамақ шарттарын бұзды деп айыпталып, биыл қаңтар айында тергеу изоляторына ауыстырылған. Қаңтар айында құқық қорғаушылар оны елдегі “саяси тұтқындар” тізіміне енгізді. Құқық қорғаушылар белсендіні саяси себеппен қудалап отыр деп санайды. Ол саяси талаптар айтып, талай жалғыз адамдық пикеттер өткізген. Сол үшін әкімшілік жауапқа тартылған.

Қазақстан соты ҚДТ мен “Көше партиясын” 2018 және 2020 жылдары “экстремистік ұйым” деп танып, қызметіне тыйым салған. ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған резолюциясында Нұр-Сұлтанды “экстремизмге қарсы заңдарды” қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.

Қазақстан билігі ҚДТ мен “Көше партиясын” қолдайтындарды қудалап, жазалайды.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, ҚДТ мен “Көше партиясының” ісіне араласты деп айыпталған немесе күдікке ілінгендердің саны 300-ден асып жығылады.

Сәрсенбі күні Талғар аудандық сотына Сабаншиевтің бірнеше жақтасы жиналды, бірақ оларды сотқа кіргізбеді. Кейінірек олардың бірі Айдын Нүсіпәлиевтің ұсталғаны белгілі болды. Нүсіпәлиевтің жақтастары түстен кейін соттың оны “заңсыз митинг ұйымдастырғаны үшін” 15 күнге қамағанын хабарлады.


Сондай-ақ қараңыз