• Басты
  • >
  • Отырар соты Facebook-тегі үндеуі үшін белсендінің бас бостандығын 1,5 жылға шектеді

Отырар соты Facebook-тегі үндеуі үшін белсендінің бас бостандығын 1,5 жылға шектеді

05.03.2021

4 наурызда Түркістан облысы Отырар аудандық соты азаматтық белсенді Сәбит Сыздықбекті “тыйым салынған ұйым жұмысына қатысқаны” үшін кінәлі деп тауып, оның бас бостандығын 1 жыл 6 айға шектеді. Белсенді сот үкімімен келіспейді.

Сәбит Сыздықбек 2020 жылдың ақпан айында Facebook-тегі жеке парақшасында “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысын қолдайтынын айтып, видеоүндеу жариялаған. Отырар аудандық соты сол үшін оның бас бостандығын бір жарым жылға шектеп, әлеуметтік желіні қолдануына 3 жылға тыйым салу туралы үкім шығарды.

Белсенді Сәбит Сыздықбек Азаттыққа сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Белсендінің пікірінше, сот оны саяси көзқарасы үшін қудалап, Конституциялық құқығын шектеген.

2020 жылдың желтоқсан айында Қылмыстық кодекстің “экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асырғаны үшін қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы сот шешiмiнен кейiн қоғамдық немесе діни бірлестіктің қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу” (405-бап, 2-тармақ) бабы бойынша Сыздықбектің үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Бұдан бұрын ол Шымкентке келіп, президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесін басқарып, билікке ықпалын сақтап отыр делінетін Нұрсұлтан Назарбаевтың орнынан кетуін, бейбіт митингіге шыққандарға қысым жасамауды талап етіп бірнеше рет наразылық білдірген. Осы әрекеті үшін ол әкімшілік жазаға тартылып, қамалған.

Түркістан облысында Сыздықбектен бөлек бірнеше белсендінің үстінен Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша іс қозғалған. Соның ішінде құқық қорғаушылар “саяси тұтқын” деп таныған Мұрат Дүйсембиевтің бас бостандығы 3,5 жылға, Мұрат Байдәулетов пен Қайрат Сұлтанбектіңбас бостандығы 1 жылға шектелген.

Қазақстанда ҚДТ және “Көше партиясы” қозғалыстарына қатысы бар делінген көп белсенді ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Әлі тергеліп жатқандар да бар.

Нұр-Сұлтан соты 2018 және 2020 жылдары ҚДТ мен “Көше партиясын” “экстремистік ұйым” деп таныған. ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов. Ол 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.

Еуропарламент ҚДТ мен “Көше партиясын” “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атаған. Қазақстандағы адам құқығы жайлы қарарында Еуропарламент депутаттары Нұр-Сұлтанды “экстремизмге қарсы заңдарды” қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.


Сондай-ақ қараңыз