• Басты
  • >
  • Қастер мен Мұрагерге босқын мәртебесі берілді

Қастер мен Мұрагерге босқын мәртебесі берілді

17.10.2020

Қытайда қысым көріп, шекараны заңсыз кесіп өтуге мәжбүр болған Мұсаханұлы Қастер мен Әлімұлы Мұрагерге босқын мәртебесі берілді.

Ақмола облысы полиция департаменті көші-қон басқармасы Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының босқын мәртесебін беру туралы өтінішін қанағаттандырды. Өтінішті босқын мәртебесін беру, ұзарту айыру және тоқтату бойынша ведомствоаралық комиссия қараған. Комиссия шешімі бойынша, қос азаматқа 1 жылға босқын мәртебесі берілген.

Мұсаханұлы мен Әлімұлының адвокаты Бақбергенов Абдулланың сөзінше, өтінішті қарау барысында комиссия отырысы бірнеше рет кейінге қалдырылған. Бірақ ақыр соңында комиссия қазанның 16-ы күні оң шешім шығарған.

«Осы екі жегіттің (Мұсаханұлы мен Әлімұлының-ред) мәселесі бойынша маған «Нағыз Атажұрт» ұйымының жігіттері хабарласты. Өтініш қазанның 16-ы күні қаралды. Комиссияда жеті адам болды. Олардың арасында депутаттар, ҰҚК және көші-қон полициясының қызметкерлері болды. Комиссия қорытындысы бойынша 1 жылға босқын мәртебесі берілді», – дейді адвокат.

Естеріңізге салайық, 2019 жылдың қазан айында  Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы Қазақстан аумағына келген бетте Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросында баспасөз мәслихаты өткен. Сол кезде қос азамат Қазақстан билігінен босқын мәртебесін беруді сұраған. Кейіннен Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық соты оларды «мемлекеттік шекараны заңсыз бұзып өтті» деген айыппен 1 жылға бас бостандығынан айырған. Тергеу изоляторында отырған 1 күні 2 күнге есептелуіне байланысты Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы 5 ай 24 күннен кейін бостандыққа шығарылған.