• Басты
  • >
  • Бірнеше белсендінің апелляциялық шағымы өзгеріссіз қалды

Бірнеше белсендінің апелляциялық шағымы өзгеріссіз қалды

28.09.2020

Ақмола облысының Талапкер ауылында марқұм Дулат Ағаділге берілген астан соң әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл салынған бірнеше адам: Бибігүл Тұяқова, Ақылбек Шәріпбаев, Кербез Егінбаева, Клара Сұлтанова, Зүбайда Сейдахметова, Антон Фабрый, Әсел Оңланбекқызы мен Ракила Бекназарованың апелляциялық арызы дүйсенбі күні қаралды. Әр аймақта қаралған белсенділер шағымын сот қанағаттандырмады. Бұл туралы белсенділер мен құқық қорғаушылар хабарлады.

Дулат Ағаділді еске алу шарасынан соң екі “заңсыз шеруге қатысты” деп айыпталып, бір баппен екі мәрте әкімшілік айыппұл салынған белсенді Әсел Оңланбекқызына екі сот шешімі бойынша 166 680 теңге (400 доллар) көлемінде айыппұл салынған.

Оның айтуынша, кей белсенділерді 25-қыркүйек күнгі оппозиция митингісі қарсаңында ұстағанымен жазалау кезінде “Дулат Ағаділдің асына барғаны үшін” айыппұл салған.

Белсенді Бибігүл Тұяқова Талапкердегі шеруге қатыспаса да, видеодағы әлдебір әйелдің басындағы орамалы өзінікіне ұқсаған соң айыппұл салғанын айтады. Ол “апелляциялық арыз беріп, видеодағы мен емес екенімді, маска таққан адамның басқа екенін дәлелдеуге тырыссам да сот уәжімді ескермеді” дейді.

Азаттық тілшісі соттан жауап ала алмады. Sud.kz сайтына да сот шешімдері әзірге жарияланбаған.

Қазақстанда тамыз айында өткен марқұм Дулат Ағаділдің асынан кейін ондаған белсенді әкімшілік жауапқа тартылған еді. Белсенділерді жазалау 25 қыркүйек күнгі оппозиция митингісі қарсаңындағы қудалаулармен жалғасып кетті. Шетелде қуғында жүрген бизнесмен, Ақорда оппоненті Мұхтар Әблязов шақырған митинг қарсаңында құқық қорғаушылар есебінше кемінде жүзден астам адам ұсталып, жазаланған.

“Ар.Рух.Хақ” қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 25 қыркүйектегі митинг үшін ешкімді соттамағанын, көбін босатып жібергенін айтады.

«Билік 25 қыркүйектегі митинг алдында “қорқыту”, айыппұл салу тәрізді превентивті тәсілдерді қолданды», – дейді ол.

Ал адам құқын қорғау жөніндегі Qaharman құқық қорғау ұйымы “саяси қудалауға ұшыраған” 50 адамның аты-жөнін атайды: 4 адам –”экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастыру” (Қылмыстық кодекстің 405–бабы 1-бөлімі), 32 адам – “экстремистік ұйымның жұмысына қатысу” (Қылмыстық кодекстің 405–бабы 2-бөлімі), 7 адам – “билік өкілін көптің көзінше қорлау” (Қылмыстық кодекстің 378-бабы 2-бөлігі), 5 адам – “қасақана жалған ақпарат тарату” (Қылмыстық кодекстің 274–бабы), бір адам – “билік өкіліне күш көрсету” (Қылмыстық кодекстің 380–бабы), бір адам – “билікті күшпен басып алуға үгіттеу” (Қылмыстық кодекстің 179–бабы), бір адам – “жеке өмірге қатысты мәліметті тарату” (Қылмыстық кодекстің 147–бабы), бір адам – полицияның арызы бойынша “ар-ұжданға тиісу” бабы бойынша күдікке ілінген.

Қазақстанда жұрт бейбіт митинг өткізу үшін алдын ала билікті ескертуі тиіс, әкімдік ескертілмеген биліктің бәрін заңсыз деп танып, қатысушыларын жазалайды.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстанның “Бейбіт митинг туралы” заңын жиі сынайды.


Сондай-ақ қараңыз