• Басты
  • >
  • 130 мың шағымның 2,5 мыңы бойынша ғана қылмыстық іс қозғалған

130 мың шағымның 2,5 мыңы бойынша ғана қылмыстық іс қозғалған

23.09.2020

Парламент мәжілісі «тұрмыстық әлімжеттікке қарсы іс-қимыл» туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжілістің 23 қыркүйек күнгі отырысында 2009 жылы қабылданған «тұрмыстық әлімжеттіктің алдын алу» туралы заңның іс жүзінде тиімсіздігі және жаңа заңның сонда кеткен кемшіліктерді жоюға бағытталғаны айтылды. Құжат отбасында әлімжеттік жасағандарға жазаны күшейтуді және полицияның өкілеттігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Заң жобасы парламент қарауына наурыз айында түскен. Бұған дейін кейбір белсенділер «заң жобасындағы кейбір ұғымдарға дұрыс анықтама берілмеуі жазадан жалтаруға мүмкіндік береді» деген уәж айтқан.

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидің сөзінше, қаңтар-тамыз айларында ішкі істер органдарына тұрмыстық әлімжеттікке байланысты 130 мың шағым түскен. Оның  тек 2,5 мыңы бойынша қылмыстық, 30 мыңы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Қалған жағдайларда жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқан.

Жаңа заң бойынша, полицейлер отбасы мүшелерінен ғана емес, көршілерінен де жауап алады және балалардың эмоциялық күйін, тұрмыстық жағдайын тексеріп, соған байланысты шара қолданады.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымының биылғы мәлімдемесінде Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы заңнамасы “айыппұл төлеп, әрі қарай да күш көрсете беруге мүмкіндік береді” деп жазған. HRW “әйелдердің отбасындағы зорлық-зомбылықтан заң жүзінде қорғалмауы – Қазақстанның адам құқығы бойынша міндеттемелеріне қайшы” деп есептейді.


Сондай-ақ қараңыз