• Басты
  • >
  • Нұр-Сұлтанда үлескерлер ақша салған үйлерін тезірек бітіруді талап етті

Нұр-Сұлтанда үлескерлер ақша салған үйлерін тезірек бітіруді талап етті

17.09.2020

17 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда “Алтын шар” құрылыс компаниясының ондаған үлескері 100 пайыз ақшасын төлеген пәтерлерінің әлі салынып бітпегенін айтып, компания басшыларынан кешенді тезірек аяқтауды талап етті.

“Келісім-шартқа сәйкес, үйлеріміз 2018-2019 жылдары бітуі тиіс болған. Ал бірақ кешеннің тек 30-40 пайызы ғана бітті. Енді тағы қанша күтуіміз керек?” деді ашынған үлескерлер.

Үлескерлердің бірі Меруерт Ахметованың айтуынша, бұған дейін наразылар жергілікті әкімдікке барып, шағымданған. Осыдан соң үлескерлер арасынан бастама тобы құрылып, әр бейсенбі күні құрылыс барысын бақылап келеді.

“Құрылыстың қызу жүріп жатқаны байқалмайды, құрылысшылар саны да аз. Ақша төлемейді деп кетіп қалған жұмысшылар да бар” дейді бастама тобының өкілі Меруерт Ахметова.

Оқиға орнына компанияның бас директоры Берік Аманов та келді. Ол “қаржылай қиындықтарға байланысты құрылыстың ойдағыдай жүрмегенін” айтып, тұрғын үй кешенін келесі жылы тапсыратынын айтты.

“Біз пәтердің құнын жүз пайыз төледік, сол ақша қайда?” деген сұраққа компания басшысы “ол ақша бізге тікелей түскен жоқ, банктерде жатыр, оны ала алмаймыз” деп жауап берді.

Компания басшысының сөзіне көңілі толмаған “шыдамы таусылған” үлескерлер енді президентке үндеу жасайтынын айтып отыр. Олардың сөзіне қарағанда “Алтын шар” құрылыс компаниясының жобаны аяқтауын күтіп жүрген мыңнан астам үлескер бар.

Азаттық тілшісі мәселеден хабары бар жергілікті әкімдік өкілдеріне сауал жолдағанмен әзірге жауап бермеді. (Жауап келсе, осы жаңалық астына жарияланады).

Нұр-Сұлтанда тұрғын үй құрылысы көптеп салынғанымен мәселе әлі күнге дейін түбегейлі шешілген жоқ. Жергілікті биліктің дерегінше, қазір Нұр-Сұлтанда билік «проблемалық» деп таныған құрылысы аяқталмаған ондаған тұрғын үй кешені бар. Қаражат салып, не баспанасыз, не ақшасыз қалған үлескерлер проблемасы 2010 жылдан бері көтеріліп келеді.


Сондай-ақ қараңыз