• Басты
  • >
  • Құқық қорғаушы Семенова түрме мекемелерінің жаңа арыздары бойынша сотқа тартылды

Құқық қорғаушы Семенова түрме мекемелерінің жаңа арыздары бойынша сотқа тартылды

03.09.2020

Абақтыдағылардың құқықтарын қорғаумен айналысатын Елена Семенова 2 қыркүйекте түрме мекемелерінің талап-арыздары бойынша екі бірдей сот отырысына қатысты. Алғашқы азаматтық процесс Алматы облысының Заречный кентіндегі ерекше режимдегі колонияның (қауіпсіздігі ерекше қорғалатын ЛА-155/12 мекемесі) өз қызметкерлерінің абыройы мен қадір-қасиетін қорғау талабы бойынша өтті. Мекеме Семенованың 17 наурызда әлеуметтік желіде жариялаған «колония қызметкерлері қамаудағы Б.Юлдашев пен Б.Өміртаевқа қатысты заңсыз әрекеттер жасады» деген ақпаратын шындыққа жанаспайды деп танып, постты алып тастап, автордан оны жоққа шығарып, жария түрде кешірім сұрауды талап еткен.

Колония өзін үшінші рет сотқа бергенін, соттың сол себепті өтіп жатқанын Семенова отырысқа келгенде бір-ақ білген. Сондықтан сот отырысы 9 қыркүйекке ауыстырылды.

13 шілдеде Павлодар соты ЛА-155/12 мекемесінің алғашқы арызын қарастырмай тастаған, себебі талапкер арызын қайтарып алған. Кейін мекеме талап-арызын қайта жазып өткізген. Мекеменің бұл талап-арызды да қайтарып алғаны бүгін белгілі болды.

Дәл осы күні Павлодар облысының апелляциялық соты Елена Семенованың УК-161/2 мекемесінің азаматтық талап-арызы бойынша 3 шілдеде шыққан сот шешіміне шағымын қарауды бастады. Апелляциялық сот Семеновадан Facebook-те жариялаған постының шындық екенін дәлелдеу үшін қамаудағылардың ұжымдық шағымын көрсетуді талап етті. Бірінші инстанция соты құқық қорғаушының постын шындыққа жанаспайды деп тапқан. Аппеляциялық соттың келесі отырысы 15 қыркүйекке белгіленді.

Биыл құқық қорғаушы Семеноваға қарсы осы тақылеттес бірнеше арыз-шағым түскен. Олардың кейбірінің қылмыстық іске ұласып кету қаупі бар.

3 маусымда Семенова УК-161/2 мекемесінің басшысы Әсет Шәріповтің «іскерлік беделді қорғау» талабы бойынша қозғалған істе жеңіліп қалды. Ол Семеновадан «қамаудағылар түрме басшылығы азаптады және медициналық қызмет көрсетпеді деп шағымданды» деген мазмұндағы постын терістеуді талап еткен.

3 шілдеде Семенова Алматы облысы Заречный кентіндегі қоныс-колонияның (қауіпсіздік деңгейі төмен ЕС-164/4 мекемесі) талабы бойынша өткен істе жеңілді. Сот құқық қорғаушының 2020 жылғы 14 сәуірде Facebook-те жариялаған «қамаудағы Михаил Санинді түрме қызметкерлері ұрып, дене жарақатын салды» деген мазмұндағы посты «шындыққа жанаспайды» және мекеменің «іскерлік беделіне нұқсан келтіреді» деген ұйғарымға келді.

13 шілдеде Павлодар соты Қостанайдағы колония (қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі УК-161/2мекемесі) басшысының емдеу-профилактика ісі бойынша орынбасары Гүлмира Мырзалының талап-арызын толық қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Арызда ол Семенованың Facebook-тегі посты «абыройы мен қадір-қасиетімді түсірді», «іскерлік беделіме нұқсан келтіріп, моральдық зиян шектірді», «денсаулығымды біраз нашарлатты» деп жазған.

18 тамызда Тараздағы ерекше режимдегі колония (қауіпсіздік деңгейі ерекше жоғары деңгейдегі ЖД-158/7 мекемесі) құқық қорғаушы Елена Семеноваға қарсы абыройы мен қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғау туралы талап-арызынан бас тартты. Павлодар қалалық азаматтық істер сотында талапкер жақты арызды қарамауды сұрады. ЖД-158/7мекемесі мұның алдында Семенованың Facebook-тегі жеке парақшасында 3 мамырда жазған посты шындыққа сай келмейді, «мекеменің абыройына, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіреді» деп тануды өтінген. Постқа «Бұл оқиғалар ЖД-158/7мекемесінде осыдан екі апта бұрын болды» деген тақырып қойылған әрі онда сотталушы Н.Баймахановтың видеомәлімдемесі де бар. Ол түрме қызметкерлері өзін соққыға жыққанын айтып, мекеме басшысын жемқор деп айыптаған.

Былтыр қаңтарда Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Семеноваға шүйлігуді тоқтатуға, оның жұмысына кедергі келтірмеуге шақырған.


Сондай-ақ қараңыз