• Басты
  • >
  • Алматыда "Назарбаев, Тоқаев, Мәсімов кет!" деп пикет жасаған тұрғынды полиция ұстап әкетті

Алматыда “Назарбаев, Тоқаев, Мәсімов кет!” деп пикет жасаған тұрғынды полиция ұстап әкетті

18.08.2020

18 тамызда күндіз Алматыда Желтоқсан және Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы “Бостандық таңы” ескерткіші алдында Ерболат Түркеев есімді тұрғын жалғыз адамдық пикет өткізді. “Назарбаев, Мәсімов, Тоқаев кет! Уходи!” деген жазуы бар плакат ұстаған адам қазіргі жүйеге көңілі толмайтынын айтып, сол пікірін білдіру үшін алаңға келгенін жеткізді.

«Бұл билікті сыйламаймын. Өйткені, қаншама жағдайлар болып жатыр. Жаңаөзен оқиғасынан басталды. Көп балалы аналар далада жүр. Арыстағы оқиғаны алыңыз. Бәрі шетінен қамалып жатыр. Пікірін айтқан әйелдерді қамап жатыр. Қазба-байлықтардың игілігін халық көріп жатқан жоқ», – деді ол.

Ол сөз арасында өзінің ешқандай ұйым, партияға мүше еместігін, пікір айту құқығын пайдаланып, пікірін көпке жеткізгісі келетінін айтты.

Түркеев пікірін толық айтып үлгерген жоқ. Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының екі қызметкері келіп, оны көлікке отырғызып, алып кетті. Тұрғынды ұстап жатқан кезде екі қызметкердің бірі Азаттық тілшісінің камерасын бөгеп, жұмысына кедергі келтірді.

Азаттық тілшісі Бостандық ауданының ішкі істер басқармасына хабарласқанмен жауап ала алмады.

Ерболат Түркеев бұған дейін де билікті сынап, жалғыз адамдық пикет өткізген. Мамыр айының соңында өткізген акциясының бірінде “Іле Алатау ұлттық паркінің жеке меншікке берілуіне қарсымын. Алматы әуежайының сатылуына наразымын. Әкім міндетін лайықты орындап жүрген жоқ деп санаймын” деген еді.

Қазақстанда жаңадан қабылданған бейбіт жиын туралы заңға сәйкес, жалғыз адамдық пикет өткізу үшін де әкімдікті ескерту қажет. Бұл заңды құқық қорғаушылар өткір сынаған.

Түркеев бұған дейін Азаттыққа жалғыз адамдық пикет өткізу үшін әкімдікке өтініш бергенін, бірақ өтініші қабылданбағанын айтқан.


Сондай-ақ қараңыз