Қазақстанда тергеу абақтысында жұмбақ қазаға ұшыраған Дулат Ағаділге ас берілетіні хабарланғаннан кейін билік белсенділерді жаппай жазалай бастады. Ондаған адамды марқұмның зиратына барғаны үшін әкімшілік қамауға алды, өзгелеріне айыппұл салды, ескерту жасады. Құқық қорғаушылар билік асқа көпшіліктің жиналуына жол бермеуге тырысып отыр дейді.
АСАРМЕН САЛЫНҒАН ҮЙ
Қазақстан билігі шілденің соңынан бері ондаған белсендіні “бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзған” деген айыппен 5 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алды. Кейін олардың кейбіріне қосымша тағы да жаза жамалса, енді бірінің үстінен “билік өкілін қорлады” деген айыппен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Осының қарсаңында әлеуметтік желіде Қазақстан астанасының маңындағы Талапкер ауылында 8 тамыз күні марқұм Дулат Ағаділге ас берілетіні туралы ақпарат тараған. Ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмған оппозициялық белсендінің асына өзге аймақтардан азаматтар бармақшы болған. Осыдан кейін елдің әр өңірінде белсенділерді “заңсыз жиынға қатысқан”, “карантин талабын бұзған” деген айыппен жаппай әкімшілік жауапқа тарту, болмаса түрлі сылтаумен полицияға шақыру жиіледі.
Биыл жазда белсенділер Талапкердегі Ағаділдің отбасы тұрып жатқан үйді бұзып, орнына асар әдісімен қайтадан жаңа үй құрылысын бастаған. Бұл бастаманы ұйымдастырушылар әлеуметтік желі арқылы жұрттан жылу жинап, Талапкердегі құрылысқа қолғабыс жасау үшін Алматы, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Шымкент пен өзге аймақтардан барып, тегін жұмыс істеген. Екінші карантин кезінде де тоқтамаған еңселі жаңа үйдің құрылысы аяқталып, қазір ішкі жұмыстары ғана қалды.
24 шілде күні ондаған белсенді Талапкер ауылындағы Дулат Ағаділдің үйінде марқұмды еске алғаннан кейін, нөсерге қарамастан оның зиратына барлығы бірге барған еді.
«Жиналғандар нөсерге қарамай, оншақты шақырым жердегі зиратқа Қазақстан әнұранын шырқап, жаяу барды. Кейбірі ту ұстап жүрді. Сол күні айналаны полиция жасағы қоршап, бізді видеоға түсірді. Дронмен де түсірді. Бірақ ешкім бізге “сендердікі заңсыз” деген жоқ. Құран оқып болған соң әркім өз шаруасымен кетті, басқа жақтан келгендер үй құрылысына көмектесу үшін қайтадан Дулаттың үйіне барды», – дейді сол күнгі шараға қатысқан белсенді Роза Мұсаева.
ҚАМАУ, АЙЫППҰЛ, ПОЛИЦИЯҒА ШАҚЫРТУ
Құқық қорғаушылар шілденің соңына қарай Алматы, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Шу, Шымкент, Павлодар, Орал, Ақсай, Екібастұз, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Тараз, Семей қалаларында белсенділердің қысымға кезіккенін айтады.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Серік Жахин 31 шілдеде жергілікті полиция департаменті алдынан ұсталған. Сот белсендіні 24 шілде күні Талапкердегі Ағаділдің бейітіне барғанын “заңсыз митингіге қатысты” деп бағалап, 15 тәулікке қамаған. Кейін Жахинді биыл 10 маусымда Нұр-Сұлтандағы Еуроодақ өкілдігі алдында өткізген наразылық акциясына қатысқаны үшін айыпты деп танып, тағы 15 тәулік қамау жазасын кескен.
4 тамыз күні Ақмола облысы Целиноград аудандық соты зейнеткер Роза Мұсаеваны “заңсыз митингіге қатысқаны үшін айыпты” деп танып, оған Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 488-бабының 6-тармағы бойынша 30 айлық есептік көрсеткішке (83340 теңге, немесе 200 долларға жуық) тең айыппұл салды. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамай, апелляциялық арыз түсіргенін айтады.
Мұсаеваның сөзінше, Ағаділдің отбасына жаңа үй салу туралы бастама көтерген белсенді Ербол Есқожинды полиция Нұр-Сұлтандағы құрылыс базарына қажетті материал сатып алуға барған жерінен алып кеткен. Зейнеткер белсендіні іздеп қалалық полиция департаменті алдына барғанда арнайы жасақ қамауға алғанын айтады.
«Полиция жасағы дөрекілік танытып, күш қолданды. Міне, қолым ісіп кетті. Бізді Целиноград ауданына апарды. Сағат 15-те ұстағаннан түнгі 23-те бірақ босатты. Не адвокатыма, не үйіме хабарласуыма мүмкіндік бермеді», – дейді ол.
Мұсаевамен бірге белсенділер Жанат Нұркішев пен Қуандық Көмекбаевты да билік әкімшілік жауапқа тартқан. Көмекбаев полиция әкетіп бара жатқанда қан қысымы көтеріліп, дәрігер көмегіне мұқтаж болғанымен, полиция жібермей қойғанын айтады.
«Есқожинды не үшін ұстағанын білуге 30 шілде күні қалалық полиция департаментіне барғанымда сол жерден басқа белсенділермен бірге ұстап әкетіп, Есіл аудандық полиция бөліміне жеткізді. Қан қысымым 210/110-ға көтерілді. Туғаннан осылай ауырамын. Үш мәрте жедел жәрдем шақыруыма тура келді, бірақ бізді сағат 19-да Целиноград ауданына апарды. Түнгі сағат 12-де сот болды. Денсаулығыма байланысты сот ісімді қарауды он сағат кейінге жылжытқанымен үйге жібермей ұстады, тек денсаулығым нашарлай берген соң түнгі сағат 2-де босатты», – дейді Қуандық Көмекбаев. Сот оған да 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды.
Марқұм Дулат Ағаділдің үзеңгілес серігі Ербол Есқожинды билік 30 шілдеде “заңсыз митингіге шақырған” деген айыппен 15 тәулікке қамаған. Тергеу орындары 5 тамызда белсендінің үстінен “билік өкілін қорлады” (Қылмыстық кодекстің 378-бабы, 2-тармағы) деген айыппен қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды.
Адвокат Ольга Эннстің айтуынша, билік әкімшілік қамауға алған, айыппұл салған белсенділердің барлығы да апелляциялық шағым түсірген. Кейбірінің арызы адвокатсыз қаралса, көпшілігіне қатысты онлайн сот белсенділердің қатысуынсыз сырттай өткен.
Батыс Қазақстан облысы тұрғындары Нұрбек Құлышев, Мұрат Сәпиев пен Серік Досқалиев 5 тамызда Ақсай қаласындағы провизорлық орталықтан шықты. Оларды сол жерге екі күн бұрын полиция қызметкерлері жеткізген.
«3 тамызда Айдар Сәрсенов бар төртеуміз Нұрбектің “Газель” көлігімен жолға шыққан едік. Жымпитыға (аудан орталығына) таяп қалғанда полиция тоқтатты. Айдардың ПТР тесті оң нәтиже көрсеткенін айтып, екі сағат ұстады. Кейін Ақсайдан санитарлық қызмет өкілі, полиция мен дәрігер бар үш машина келіп, бізді провизорлық орталыққа апарды. Ертесіне тест тапсырдық, нәтижесі қазір ғана келді – үшеуімізде де вирус жоқ екен. Бірақ “Сәрсеновпен байланыста болғандықтан әрқайсыңыз 14 күнге оқшаулануыңыз керек” деп, бізден “ешқайда шықпаймыз” деген қолхат алды», – дейді Мұрат Сәпиев.
Ол марқұм Дулат Ағаділдің үйіндегі асқа бармақшы болғанын жасырмайды.
Нұр-сұлтандық белсенді Серік Асқаров 5 тамызда Facebook-те тікелей эфирге шығып, үйінде сырқаттанып жатқан кезде учаскелік полиция қызметкері сотқа шақыру әкелгенін мәлімдеді.
«Мен 24 шілдеде Талапкердегі еске алу асына құран бағыштау үшін барғаным рас. Бірақ денсаулығым жарамағандықтан бейіт басына бара алмадым. Қалқанша безі ауруына жүйке жүйесі дерті қосылған. Осындай жағдайыма қарамастан мені Целиноград ауданына алып барып, хаттама жасады. Маған тағып отырған айыпқа ешқандай видео дәлел жоқтығына қарамастан сотқа баруыма тура келіп тұр», – дейді Асқаров.
Ақтөбелік белсенді Әлібек Молдин полиция үйіне келіп, тінту жасап кеткенін Facebook-тегі парақшасына жариялады. Ақтаулық белсенді Айгүл Ақберді өзіне айыппұл салынғанын, ал күйеуі Абловас Жұмаевтың 5 тамыздан бері із-түссіз жоғалып кеткенін хабарлады.
«Жұбайым Абловас Жұмаевтың кенеттен жоқ болып кеткенін жариялап отырмын. Одан 15 сағаттан бері хабарсызбын. Полицияға да хабарладым, ондағылар қамауға алмағанын, көрмегенін айтты», – деді Ақберді Facebook парақшасы арқылы тікелей эфирде.
Ақберді күйеуін полиция ұстап отырған болуы мүмкін деп күдіктенеді. Ақтау тұрғыны Абловас Жұмаев “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының (Қазақстан соты “экстремистік” деп танып, тыйым салған, ал Еуропарламент “бейбіт оппозициялық ұйым” деп атаған) Тelegram чатындағы пікірлері үшін “Алауыздық қоздыру” және “Билікті басып алуға шақыру” баптары бойынша айыпталып, 2018 жылы күзде үш жылға сотталған. Былтыр 29 шілдеде мерзімінен бұрын босап шыққан.
2 тамыз күні Ақмола облысы Целиноград аудандық соты Алматы тұрғыны Серік Айтжановты 24 шілде күні Таларкер ауылында “заңсыз жиынға” қатысқаны үшін он тәулікке қамады. Айыптау тарабының мәліметінше, Айтжанов жүзден аса адаммен бірге зиратқа дейін “шеру жасап барған”.
Азаттық тілшілері белсенділердің шағым-арызына байланысты ішкі істер органдарына хабарласқанымен, полиция комментарий беруге құлық танытпады.
“БИЛІК АЗАМАТТАРДЫҢ БІРІГУІНЕН ҚОРҚАДЫ”
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның хабарлуынша, қазірге дейін Қазақстанда отыздан астам азаматтық белсенді әкімшілік қамауға алынған. Бұдан өзге тағы ондаған адамға айыппұл салынып, ескерту жасалған. Ол белсенділерді қудалаудың күрт күшеюін 8 тамызға белгіленген марқұм Дулат Ағаділдің асымен байланыстырады.
«Олар (белсенділер) ешқандай заң бұзған жоқ. Шын мәнісінде оларды Дулат Ағаділді еске алып, ас беріп, оның зиратына топтасып барғаны үшін жауапқа тартып жатыр. Бұл әрекетті бейбіт жиын я митинг деуге келмейді. Соған қарамастан олардың бәрін әкімшілік кодекстің “Бейбіт жиынды ұйымдастыру және оны өткізу тәртібін бұзу” бабымен жазалауы – заңсыз. Билік өзі реттей алмайтын кез келген жиыннан, саяси іс-шарадан қорқады. Сондықтан 8 тамызда Дулат Ағаділдің шаңырағындағы қоныс тойына адам көп жиналып, олардың әрекетін бақылай алмай қаламыз ба деп сасқанынан оған жол бермеу үшін осындай репрессиялық амал қолданып отыр», – дейді Төреғожина.
“Қазақстанда парламентаризмді дамыту” қорының жетекшісі, бұрынғы сенат депутаты Зәуреш Батталова билік азаматтардың құқығына қол сұғып отыр деп санайды.
«Дулат Ағаділдің отбасын тұрғын үйге ие болу хақынан, ал басқа азаматтарды еркін бірігу, еркін жүріп-тұру құқығынан айырып отыр. Елдің түкпір-түкпірінен жиналғандар марқұмның отбасына көмектесіп, таза еңбегімен тарту еткісі келді. Оны қолдаудың орнына барлық жерде қамау жүріп жатыр. Адамдардың бірігуінен қорқатын билік олардың кез келген қиымылына шектеу қойғысы келеді. Бұл – шектен шығу», – дейді Зәуреш Батталова.
Биыл ақпанда азаматтық белсенді Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған. 25 ақпанда Ағаділ Еуропарламент депутаттарымен кездесуі тиіс еді. Алайда 24 ақпанда түнде қарапайым киімдегі адамдар оны үйінен ұстап әкеткен. Ертесіне таңертең полиция оның тергеу изоляторында қайтыс болғанын хабарлады. 43 жастағы Дулат Ағаділдің өлімінен кейін Қазақстанның бірнеше қаласында оны еске алу акциялары мен қаралы жиындар өтті. Оған қатысушылар “белсенді жүрек талмасынан қайтыс болды” деген ресми мәліметке сенбейтінін айтып, оның өліміне билікті кіләлаған.
Марқұм жерленген соң, 27 ақпанда әлеуметтік желіде Дулат Ағаділдің мәйітінің видеосы тараған. Видеоны түсірген адам оның денесінде көгерген іздер барын айтады. Кейін прокуратура “видео интернетке белсендінің туыстарының рұқсатынсыз жарияланды, денедегі дақтар – биологиялық өлім белгілері” деп мәлімдеген.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Дулат Ағаділдің қазасын “саяси тапсырыс” атап, биліктен оны ашық және әділ тергеуді талап етті. АҚШ мемлекеттік департаменті, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының жетекшісі Қазақстан билігін белсендінің өлімін ашық зерттеуге үндеген. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дулат Ағаділдің “жүрек талмасынан” қайтыс болғаны туралы прокуратураның тұжырымын қолданған.
28 мамырда бас прокуратура Дулат Ағаділдің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істің тоқтағанын хабарлады. Арнайы комиссия “Ағаділдің денесінде жарақат іздері болмаған” деген шешімге келген. Марқұмның туыстары бұл шешіммен келіспей, қайта шағым түсірді.