• Басты
  • >
  • Алматы соты "Настоящее время" тілшілеріне қатысты прокурор қарсылығын қолдамады

Алматы соты “Настоящее время” тілшілеріне қатысты прокурор қарсылығын қолдамады

29.07.2020

Бүгін, 29 шілдеде Алматының қалалық соты Алмалы аудандық прокурорының Алматының тергеу сотының қаулысына қатысты қарсылығын қарап, оны қанағаттандырған жоқ. Бұл туралы адвокат Айман Омарова хабарлады.

«Алматының тергеу соты 16 шілдеде «Настоящее время» телеарнасының операторы Павел Энгельгардт пен 17 шілдеде телеарна тілшісі Шолпан Оразбекованың «жұмысына кедергі келтірген» адамдардың үстінен түсірген шағымын жүргізген полицейлер мен тергеушісінің әрекетін заңсыз деп таныған. Сот полицияға «жағдайды реттеп, істі қарауды» тапсырған. Алмалы аудандық прокурор осы қаулымен келіспей аппеляциялық шағым, қарсылық түсірген. Алайда бүгін оның шағымын қалалық сот қанағаттандырусыз қалдырды», – дейді адвокат Омарова.

Былтыр наурыздағы билікке қарсы бейбіт митинг кезінде белгісіз біреулер Азаттық пен «Настоящее время» тілшілерінің жұмысына кедергі келтіріп, камераларын газетпен жапқан.

Кейін Азаттық пен «Настоящее время» тілшілері Алматыда полицияға шағымданып, журналистер жұмысына кедергі келтіргендерді анықтап, жауапқа тартуды сұраған. Бірақ іс қозғалмаған. Кейін адвокат Айман Омарова полицияның үстінен «әрекетсіздігі үшін» шағым түсірген.

Адвокат шағымында соттан Алматы қаласы полиция департаментінің әрекетсіз отырғанын заңсыз деп танып, бөлімше инспекторларын не тергеушіні тексеруді сұраған еді.

Енді соттың полицейлерді істі тіркеп, оны жүргізу туралы қаулысы заңды күшіне енді.