Қазақстан Республикасы бойынша өткен аптадағы адам құқықтарына қатысты ақпараттар тізбегі.
ҮСТЕМ АҚЫ СҰРАҒАН ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ЕСКЕРТУ БЕРІЛДІ
Ақмола облысының Целиноград ауданы жедел жәрдем қызметкерлерін аудан әкімдігіне шақырып, құқық қорғау органдары жазбаша ескерту берді. Ескертуде жедел жәрдем қызметкерлері үстеме ақы мәселесін көтеруге жиналатын болса, ақшалай айыппұл салынып, 30 тәулікке дейін қамауға алынатыны жазылған.
АҚТӨБЕ СОТЫНА ӘДІЛДІК СҰРАП БАРҒАН 22 АДАМ ӘКІМШІЛІК ЖАЗАҒА ТАРТЫЛДЫ
Ақтөбе сотынан әділдік сұрап келген 22 адам “төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін” әкімшілік жазаға тартылды. Көпшілігі мәдениет саласының қызметкері. Жазаға тартылғандар “жас балаларды азғырды” деген айыппен биыл наурыздың 26 -сына 10 жылға сотталған Әліби Өтепбергенге қолдау көрсету үшін жиналған.
МӘЖІЛІС «ЖАЛА ЖАБУ» БАБЫН ҚЫЛМЫСТЫҚ КОДЕКСТЕН ӘКІМШІЛІК КОДЕКСКЕ АУЫСТАРДЫ
Мамырдың 6-ы күні Парламент мәжілісі Қылмыстық кодекстегі “жала жабу” бабын Әкімшілік кодекске ауыстырды. Бұл мәселе парламентте қарала бастағанда құқық қорғаушылар Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, жаңа заң жобасында “сөз бостандығына берілген конституциялық кепілдіктерге нұқсан келтіретін қазіргіден де қатаң шаралар бар екенін” айтқан. Олардың сөзінше, “жала жабудың” мақсаты жазаны жұмсарту болғанымен әкімшілікке кодекске ауыстырылғанда кейбір жазалар бұрынғыдан да қатая түскен.
МӘЖІЛІС «ПАРЛАМЕНТТІК ОППОЗИЦИЯ» ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН МАҚҰЛДАДЫ
Мәжілісі “Қазақстан парламенті мен оның депутаттарының мәртебесі туралы” конституциялық заңға өзгеріс енгізетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған, өзін “оппозициялық партия” деп есептейтін, қоғамда “биліктің ықпалындағы партия” деген пікір қалыптастырған “Ақ жол” партиясының төрағасы Азат Перуашев заң жобасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленгенін айта келе, оны “демократияны дамыту жолындағы тарихи қадам” деп бағалады. Тоқаевтың тапсырмасымен соңғы айларда парламент мәжілісінен өткен “Бейбіт жиындар туралы”, “Саяси партиялар туралы”, “Сайлау туралы” заң жобаларын құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері “көз алдау” деп бағалап, қатаң сынға алған, олар “парламенттік оппозиция туралы заң” парламентке билік өзі өткізген жасанды оппозицияға арналған” деп санайды.
ҚЫЗЫЛОРДАДА КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАР ӘКІМДІКТЕН КӨМЕК ТАЛАП ЕТТІ
Мамырдың 4-і күні Қызылорда қаласында 20-дан аса көп балалы әйел облыс әкімдігіне жиналып, биліктен көмек талап етті. Наразы әйелдер биліктен көмек ретінде берілетін азық-түлікті және төтенше жағдай кезінде берілетін 42500 теңге (95$) жәрдемақыны алмағандарына шағынды. Олар биліктегі “Нұр Отан” партиясының да беріп жатқан 50 мың теңге көмегі бұйырмағанын айтты.