• Басты
  • >
  • Қамаудағы белсенді Әбішев карцерге жабылды

Қамаудағы белсенді Әбішев карцерге жабылды

27.04.2020

Қамаудағы азаматтық белсенді Әсет Әбішев 10 күнге тәртіптік изоляторға қамалды. Бұл жөнінде оның адвокаты Гүлнар Жуаспаева мәлімдеді. 

Адвокаттың сөзінше, Әбішевтің не себепті қамалғаны белгісіз. Әзірге колония басшылығы оның сұрауына жауап бермеген. 

«Не үшін қамағанын білмеймін. Карантинге байланысты ешқандай жауап бермейді, мен кездесуге бара алмаймын. Сұрау жібердім, бірақ әлі жауап берген жоқ. Бұған дейінгі жазалау кезінде сұрауыма: «одан (Әбішевтен – ред) ұялы телефон табылды» деп жауап берген», – дейді Жуаспаева. 

8 сәуірде Заречный кентіндегі 155/14 колониясында азаматтық белсенді Әсет Әбішев «коронавирусқа байланысты қауіпсіздік шарасын күшейтуді, тұтқындарға қосымша маска беруді, дезинфекция жасауды талап еткені үшін карцерге қамалғанын» белгілі болған. Кейіннен оның колония басшылығына наразылық білдіріп, изоляторда аштық жариялағаны жөнінде ақпарат тараған. Бұл ақпаратты мекеме басшысы Жәнібек Қосжанов та растаған. 

42 жастағы Алматы тұрғыны Әсет Әбішев Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысы бар деп айыпталып, төрт жылға сотталған. Бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Аблязов жетекшілік ететін ҚДТ-ны Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп таныған. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында бұл ұйымды «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

Әбішев 2018 жылы 5 шілдеде қамауға алынып, 2018 жылы 30 қарашада сотталған. 2019 жылы 13 ақпанда апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырған.


Пікір үстеу