14 наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтары мәселесі туралы қарар қабылдады. Қарарда еуропалық депутаттар Астананы адам құқығын ұзады деп айыптады. 13 наурыз күні Қазақстандағы адам құқығы бойынша АҚШ үкіметінің де есебі жарияланған еді. Есепте: «Қазақстанда адам құқықтарына қатысты мәселелерге азаптау, саяси тұтқындар, цензура, вебсайт бұғаттау, жала жабуды қылмысқа теңеу, діни сенімді шектеу, бейбіт жиын өткізу мен бірлестік құру хақына араласу, саяси қозғалысқа қатысу құқын шектеу, жемқорлық пен тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарын шектеу жатады” деп жазылған.
Еуропарламент қабылдаған қарардағы Қазақстандағы адам құқығына байланысты негізгі мәселелер төмендегідей:
– Қазақстан Қылмыстық кодексінің 174 және 274-баптарын (ұлтаралық араздық қоздыру және жалған ақпарат тарату) қолдану арқылы белсенділер мен журналистерді қудалайды. Қазақстан билігі бұл баптарды өзгерткісі келмейді.
– Қазақстанда саяси тұтқындардың саны артқан.
– Елде тәуелсіз кәсіподақтардың құқығы бұзылады.
– Шетелден гранттар алатын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына кедергі көп.
– Қазақстанда діни бостандық шектелген. Елде діни себеппен жазаланғандар көп.
– 2018 жылы Қазақстан билігі БАҚ жұмысына көп шектеу қойған заңды қабылдады. Елде әлеуметтік желілер жиі бұғатталады.
– Әйелдерді зорлау үйреншікті жағдайға айналған. Елде патриархат нормалары үстемдік құрады.
– ЛГБТ өкілдеріне қысым көп. Олар елде заң жағынан жиі кедергіге тап болады.
Сонымен қатар Еуропарламент қамауда отырған Мұхтар Жәкішевті, Макс Боқаевты, Ескендір Ерімбетовті, Сәкен Түлбаевты, Махамбет Әбжанды, Санат Бөкеновті босату керектігін айтты.
Ал АҚШ үкіметінің есебінде Қазақстандағы адам құқықтарын бұзу үрдісі жеті тарауға жіктелген:
- Жеке адамның бостандығы;
- Азаматтық еркіндік;
- Саяси процеске қатысу еркіндігі;
- Үкіметтегі жемқорлық;
- Халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың адам құқықтарын бұзу шағымдарын тексеруіне үкіметтің көзқарасы;
- Кемсіту, әлеуметтік қорлық пен адам ұрлау;
- Жұмысшылар құқықтары.