Кейбір интернет басылымдарда шыққан Қырғызстаннан экстрадициямен алынған, Мұхтар Әблязов және «Қазақстанның демократиялық таңдауы»ұйымымен байланысы үшін айыпталған блогер Мұрат Тұңғышбаевқа құқыққорғаушылар тарапынан жасалған көмекке байланысты тараған ақпаратқа қатысты төмендегіні мәлімдейміз:
- Қазақстанның адам құқығы және заңдылықтың сақталуы жөніндегі бюросы әуелден Мұрат Тұңғышбаевтың ісінде саяси астардың бар екенін ашық айтып, оны Қазақстанға экстрадициялауға үзілді-кесілді қарсы болды. Ол жөнінде біздің ұйым бірнеше мәрте ашық мәлімдеп, қырғыз билігін оны бермеуге шақырды.
- Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялағаннан кейін бізге оның анасы тергеу барысында толыққанды заңдық көмек көрсетуімізді сұрады. Жоғарыда айтқандай біздің пікіріміз оның ісінде саяси астардың бар екені туралы болғандықтан, саяси белсенділер, журналистер мен құқықорғаушыларға істі болғанда сапалы заңдық көмек көрсетуге арналған Нидерланды Хельсингі комитеті грантынан оның адвокатын төлеп беру үшін 400 000 теңге ақша бөлдік. Ондай көмекті біз көп жылдан бері голландиялық құқыққорғау ұйымы бөлген гранттан журналистер, белсенділер мен құқықорғаушыларға көмек ретінде беріп келеміз. Ол қаражат ресми түрде, Қазақстан Республикасының салық кодексіне сай, барлық құжаттарды толтыру арқылы, келісімшарт негізінде берілді. Тұңғышбаевтың отбасы таңдаған адвокат бір реттік төлем ретінде ол қаражатты алды. Сонымен қатар біздің құқыққорғау ұйымы Қазақстан билігін Тұңғышбаевтың ісін саяси астарсыз қарастырып, оған әділ сотты қамтамасыз ету, денсаулығына қатысты тиісті медициналық ем қабылдауға мүмкіндік беру жөнінде мәлімдеме жасап, оны таратты.
- Пікір алуандығын және сөз бостандығын қолдағандықтан біздің ұйымға қатысты БАҚ-та тараған жағымсыз ақпаратқа түсінікпен қараймыз. Десек те, пікір алуандығы мен жалған, жала жабу мағынасындағы ақпаратты бөліп қарау керек екенін ескертеміз. Солай, кейбір интенет басылымдарда біздің ұйымның жұмысына қатысты жалған ақпараттың тарағанын ескертеміз. Мәселен: бастапқыда біздің ұйымның Тұңғышбаевқа көмектесуден бас тартқаны туралы; біздің ұйымның Әблязов мырзамен байланысы туралы; «Открытый диалог» ұйымының адвокатқа арналған грант бергені туралы; ай сайынғы адвокаттың шығыны үшін бөлінген қаражат туралы. Осы тізімдегі ақпараттың барлығы да жалған және біздің ұйымның абыройына дақ түсіру әрекеті ретінде қабылдаймыз.
- Мұратбектің бостандығын қалайтын адамдардың аузына мұндай жалған сөзді кімнің салып бергенін білеміз және түсінеміз. Сондықтан, оларға жалған ақпарат таратқаны үшін еш өкпеміз жоқ. Мұндай әрекетке не үшін барғанын түсінеміз және Мұраттың тез арада бостандықта болуын тілейміз. Ал басқасын олардың ұяты білсін.
Бір мағынадағы, жалған ақпаратқа сүйенген ақпараттың бірнеше интернет басылым арқылы тарауын арнайы қызмет өкілдерінің бізге қарсы жасаған қаралау әрекеті екенін түсінеміз.
Алайда, біз өзіміздің қызметіміздің Қазақстан Республикасының Конституциясына және басқа заңдарына, сонымен қатар біздің мемлекеттің өзіне алған халықаралық міндеттеріне, ұйымның Жарғысына сай екеніне сенімдіміз. Сондықтан, Қазақстанымыз демократиялық, заң үстемдігі орнаған, адам құқығы сақталатын дамыған мемлекеттер қатарында болуы үшін өзіміздің қызметімізді тоқтатпайтынымызды мәлімдейміз.
17 қазан 2018 ж., Алматы қ.