• Басты
  • >
  • Үш жылға сотталған әскери ұшқыштың туыстары сот шешіміне наразы

Үш жылға сотталған әскери ұшқыштың туыстары сот шешіміне наразы

27.02.2018

Баспасөз мәжілісі спикерлерінің бірі сотталушы Радик Әшімовтың адвокаты Юлия Малюкова сотта өз қорғалушысының кінәсіне еш дәлел болмағанын, керісінше, қорғау тарапының дәлелдері еш назарсыз қалғанын айтады.     

Оқыс оқиға 2016 жылы 26-қазан күні әскери оқу-жаттығу кезінде болған. Шассиі шықпаған Су-27 қара жерді сүзіп қонған. Ақауға қарамастан техниканы аман-есен қондырған 31 жастағы пилотты әріптестері мақтап, арқасынан қаққан. Алайда әскери соттың үкімі мүлде басқа бағытта болған.  Ұшқыш Радик Әшімов шассисіз қонғаны үшін кінәлі деп табылып, үш жылға бас бостандығынан айырылған.

Алайда ұшқыштың туыстары мұнымен келіскісі жоқ. Айтуларынша, оқу-жаттығу әскери техниканы тексеру мақсатында өткен. Сондықтан істемей қалған шасси үшін пилоттың жауапқа тартылуы күлкілі жағдай. Керісінше, жолын тауып, сәтті қонған. Сол себепті де, ұшқышты түрмеде қылмыскерлердің қасында ұстау нағыз сорақылық деп, бостандыққа жіберуді сұрап отыр.

“Құдайға шүкір адам шығыны, өрт болған жоқ. Ұшақ толық жөндеуден өті, жуыр күнде қайта ұшуға дайын болады. Сонда менің күйеуім не үшін түрмеде отыр. Ал оны жерде отырып бақылап, нұсқаулар беріп отырған басшылар неге жауапқа тартылмайды? Неге жалғыз менің күйеуім жауап беру керек. Ол керісінше апаттың алдын алды емес пе?!” – дейді ұшқыштық жары, қоғамдық қорғаушысы Айнұр Құдайбергенова. 

 Адвокат Юлия Малюкова да сот ісінде қандай да қаржылық шығын көрсетілмегенін айтады. Қорғаушыларының айтуынша қазір әскери сотқа аппеляциялық шағым жазылған.


Пікір үстеу