Халықаралық ұйымдар есебі: БАҚ-қа қысым, белсенділерді қудалау және ЛГБТ насихатына қарсы заң
  • Басты
  • >
  • Халықаралық ұйымдар есебі: БАҚ-қа қысым, белсенділерді қудалау және ЛГБТ насихатына қарсы заң

Халықаралық ұйымдар есебі: БАҚ-қа қысым, белсенділерді қудалау және ЛГБТ насихатына қарсы заң

02.02.2026

Халықаралық ұйымдардың есебінде Қазақстандағы сөз бостандығы мен адам құқығының жағдайына алаңдаушылық білдірілді

Адам құқығы бойынша халықаралық серіктестік (IPHR) мен Адам құқықтарын қорғау мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросының СIVICUS Monitor ұйымына дайындаған 2025 жылдың маусымы мен қаңтар айларының аралығындағы Қазақстанға қатысты есебі жарияланды.

Халықаралық ұйымдар елдегі сөз бостандығының тұншықтырылуы, ақпарат құралдарының қыспаққа ұшырауы, ЛГБТ өкілдерінің қудалануы сынды жағдайларға баса мән беріп, адам құқығына қатысты халықаралық нормалардың бұзылуына алаңдаушылық білдірді.

Атап айтқанда, есепте Орда порталының бас редакторы Гүлнар Бажкенованың ұсталуы, КАЗТАГ директоры Әсет Матаевқа қатысты қылмыстық істің ашылуы, бұл ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновтың ұйқамаққа алынуы және Республика порталының хакерлік шабуылға ұшырауы тәрізді жағдайлар тізбектеледі.

«Мемлекеттік билікке сыни көзқарас білдіретін контентті анықтауға бағытталған бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі платформаларын кең көлемде бақылау туралы хабарламалар қосымша алаңдаушылық туғызды, әсіресе президенттің «дезинформация» немесе «арандатушы» мазмұн таратты деп айыпталған пайдаланушыларды тексеру және анықтау әрекеттерін ашық түрде қолдауы бұл алаңдаушылықты күшейтті», делінеді халықаралық ұйымдардың есебінде.

«Азаттық» радиосының журналистеріне аккредитация бермеуге байланысты да есепте ашық айтылады. Онда былай делінген: «2025 жылғы шілдеде биліктің «Азат Еуропа/Азаттық радиосының» Қазақ қызметінде жұмыс істейтін 16 журналистің аккредитациясын жаңартудан бас тартуы шенеуніктерге шетелдік БАҚ пен журналистердің аккредитациясын беруден бас тарту немесе оны кері қайтарып алу бойынша кең өкілеттіктер берілгені жөніндегі алаңдаушылықты одан әрі растады. 2025 жылдың соңында қабылданған заңнамалық түзетулерге сәйкес, аккредитациясыз жұмыс істейтін шетелдік БАҚ пен журналистерге айыппұл салынуы мүмкін».

Сонымен бірге, халықаралық ұйымдар ЛГБТ насихатына қарсы заңға енгізілген өзгерістерге қатысты алаңдаушылық білдіреді. «Алаңдататын жағдай ретінде, «ЛГБТКИ+ пропагандасына» тыйым салатын заңнама 2025 жылғы желтоқсанда адам құқықтарын қорғау ұйымдарының, халықаралық сарапшылардың және дипломатиялық қауымдастықтың кең ауқымды сынына қарамастан, Парламентте жеделдетілген тәртіппен қабылданып, президент қол қойды. Заңның тұжырымдамасының бұлыңғырлығы бұл тыйымды ЛГБТКИ+ мәселелеріне қатысты кез келген дерлік ақпаратқа қолдануға мүмкіндік береді, ал санкциялар айыппұл салуды, әкімшілік қамауға алуды және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне шектеу қоюды қамтиды. Сыншылар бұл заң Қазақстанның халықаралық адам құқықтары жөніндегі міндеттемелерін бұзатынын, стигма мен кемсітушілікті күшейтетінін және оны ерікті түрде қолдану қаупін арттыратынын ескертті. Заң күшіне енбей тұрып-ақ, ЛГБТКИ+ белсенділеріне қысым қайта күшейді. 2025 жылғы қарашада Астанада болған екі оқиғада гомофобиялық белсенділер ЛГБТКИ+ жиналыстарын бұзып, қатысушыларды ауызша қорлады, ал полиция басқыншыларды емес, ЛГБТКИ+ белсенділерін ұстады, бұл әрекеттер жазасыз қалды», делінеді есепте.

Одан бөлек, халықаралық ұйымдар саяси тұтқындар Марат Жыланбаев пен Думан Мұхамедкәрімнің түрмеде әлі күнге дейін отырғанына қатысты алаңдаушылық білдірді. 

Қытай туын өртеуге байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан «Атажұрт» ұйымының 19 белсендісі қудалау да халықаралық нормаларға сәйкес келмейтінін атап өтеді бұл ұйымдар.

Олардан бөлек, Киевте қастандықпен өлтірілген Айдос Садыковтың әйелі Натальяны аңду жалғасып жатқанына да халықаралық ұйымдар алаңдаушылық білдірді. Бұған қатысты есепте былай делінеді: «Садыковтың жесірі Наталья Садыкова — өзі де оппозициялық журналист — қорқыту мен бақылауға ұшырағаны туралы бірнеше рет хабарлаған. Ол өзі жүргізетін BASE YouTube арнасында 2025 жылғы 13 қарашада жарияланған видеода Киевтегі үйінің маңында бір ер адамның өзін жасырын бақылап, видеоға түсіріп тұрғанын байқаған оқиғаны баяндады. Бетпе-бет келген кезде ол адам жақын маңда тұратынын айтып, Қазақстанның Киевтегі елшілігіне жұмысқа бара жатқанын жеткізген, сондай-ақ өзін танымайтынын мәлімдеген. Садыкова Украина полициясын шақырған, ал кейінірек құқық қорғау органдары әлгі адамның дипломатиялық бүркемемен Украинада әрекет еткен Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері екенін анықтағаны хабарланды. Садыкова күйеуінің өлтірілуін ескере отырып, бұл бақылауды өзіне төнген ерекше қауіп ретінде қабылдайтынын айтты, ал оның адвокаты оның қозғалысын қадағалау өміріне қастандық жасауға дайындықты білдіруі мүмкін екенін ескертті. Сондай-ақ Садыкова фишингтік шабуылдарға және интернеттегі қудалауға да ұшыраған». 

Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы сөз бостандығының тұншықтырылуы мен адам құқықтарының аяққа тапталуына қатысты үнемі алаңдаушылық білдіреді. Алайда, Қазақстан билігі сыни есептерде айтылған аргументтерді мойындамай, «барлық халықаралық нормалар сақталады» деп жауап берумен шектеледі.