АЭС құрылысына қатысты референдум қарсаңында қамалған сотталушылардан жауап алу басталды. Прокуратураның айыптау актісіне сәйкес, белсенділер жаппай тәртіпсіздікті 2023 жылдан бастап жоспарлаған. Алайда Жанат Қазақбай өзінің бұл кезде басқа сотталушыларды танымайтынын мәлімдеді.
Алматының Алмалы аудандық сотында АЭС құрылысына қатысты референдум қарсаңында ұсталған бес белсендінің соты жалғасуда. 17 шілде күнгі сот процесі куәгерлерден жауап алудан басталды.
Қорғаушы Жанар Балғабаеваның айтуынша, куәгерлердің барлығы дерлік сотталушыларға қатысты ешқандай «қылмысын әшкерелейтін» куәлік бере алмады. Себебі бес белсендінің заңға қарсы ешқандай әрекеті болмаған.
Белсенділер АЭС референдумы қарсаңында баспаханадан плакаттар басып шығарған. Сол баспахананың қызметкерлері де сотта куәлік етті. Аталған плакаттарда заңға қайшы ешқандай сөздер болмаған. Онда тек «АЭС құрылысына қарсымыз» деген мағынадағы жазбалар болған. Ал мұның қай жері заңсыз?
Референдум — халықтың пікірін білу үшін өткізілетін шара емес пе? Сол референдумға белсенділер де азаматтық позиция танытып, АЭС құрылысына қарсылық білдірмек болған. АЭС құрылысын қолдағандарды ешкім қудаламады. Олай болса, оған қарсы болғандарды неге түрмеге қамау керек?
Атап өтерлігі, бес белсендінің төртеуі — зейнет жасындағы азаматтар, ал біреуі — мүгедектігі бар адам. Бұлардың басы қосылып, елде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырады дегенге қалай сенуге болады?
Тергеудің басқа куәгерлері табылмаған соң, ақырында тінту кезінде куә болған (понятой) азаматтардан да жауап алынды.
Кейін сотталушылардың өздері жауап бере бастады. Алдымен сөз алған Жанат Қазақбай өздеріне тағылған айыптың негізсіз екенін айтты. Прокуратураның айыптау актісінде бесеуі жаппай тәртіпсіздікті 2023 жылдан бастап жоспарлап жүргені жазылған. Алайда Қазақбай мұны жоққа шығарды. «Бесеуміз 2023 жылы бір-бірімізбен таныс емес едік», – деді ол.
«Өкінішке қарай, тәуелсіз бақылаушылар жоқ сайлауларда қандай нәтижелер шығатынын біз әр жолы көріп отырмыз. Біз мұндай жағдайға жол бергіміз келмеді. Сол себепті ең алдымен қоғамдық белсенділерді оқыту үшін кеңсе жалдадық. Алайда оқытуы тиіс адам келмей қалды. Сондықтан бұл тренингтер өтпей қалды», – деді сотталушы.
Айыптау актісіне сәйкес, айыпталушылар 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап АЭС салу жөніндегі референдум кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруды жоспарлау үшін жинала бастаған. Қазақбайдың айтуынша, ол Темірғалиевпен 2024 жылдың сәуір айында бір қоғамдық бірлестікті тіркеу барысында танысқан. Жауылбаев және Сыдықовпен — тәуелсіз журналист Думан Мұхамедкәрімнің соты кезінде, ал Мүбәраковпен — 2024 жылғы 24 тамызда Украина Тәуелсіздік күніне арналған Тарас Шевченко ескерткіші жанындағы шарада танысқан. Бірақ олардың жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру ниеті болмаған.
Тергеу кезінде айыпталушылардың бірі — Нұрлан Жауылбаев — айыптау актісінде келтірілген әңгімелердің толық детализациясын талап етті. Оның айтуынша, прокурор келтірген кейбір оқиғаларда ол мүлде болмаған. Алайда судья бұл талапты қанағаттандырмай, оны «тергеушінің жұмысы» деп түсіндірді.
«Айыптау актісінде келтірілген әңгімелеріміздің детализациясын жасауды талап етемін. Онда менің “Наурыз” кафесінде, Талғар қаласында, “Март” сауда орталығында болғаным жазылған. Бірақ мен ол жерлерде болмадым. Бұған тергеуші де, прокурор да назар аудармады», – деді Жауылбаев.
Келесі сот процесі 24 шілдеге белгіленді.
Еске салайық, өткен жылдың 29 қыркүйегінде Алматыда АЭС құрылысына қарсы шыққан 12 белсендіні полиция ұстаған болатын. Олардың жетеуі — Нұргүл Жексембиева, Ақмарал Шатемірқызы, Галина Аққузова, Жеңіс Мақсұтова, Рақыш Тоқманбет, Азат Төлеухан және Ерболат Аубакиров — қолхатпен босатылды.
2024 жылдың 1 қазанында белсенділер Нұрлан Жауылбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыдықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мүбәраков екі айға қамауға алынды. Кейін бұлтартпау шарасының мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға оқталу» бабы бойынша айып тағылды.
Полицияның мәлімдеуінше, бес белсенді жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруды жоспарлаған. Психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындысы бойынша митингке шақыру, митинг ұйымдастыру үшін қаражат жинау және билікке қарсы күреске үндеу анықталған.