8 шілде ҚР Бас прокуратурасы шешен белсендісін Ресейге қайтару процесі оған «босқын» мәртебесін беру мәселесі шешілгенге дейін тоқтатылатынын мәлімдеді
Ресейде іздеуге жарияланып, Алматыда ұсталған шешен белсендісі Мансур Мовлаевты Қазақстан бас прокуратурасы еліне әзірше қайтармайтынын мәлімдеді. «Мансур Мовлаевтың экстрадициялық процесі тоқтатылды. Бірақ, бұл уақытша жағдай. Мансур Мовлаевқа «босқын» мәртебесі берілу я берілмеу мәселесі шешілгенге дейін ол Ресейге қайтарылмайды» деп мәлімдеді ҚР Бас прокуратурасы. Мовлаевтың мәселесі заң бойынша 70 күнде шешілу керек. Оның ұсталған мерзімін есепке алсақ, шешен белсендісінің тағдыры шілде айының соңында бір жақты реттелуі тиіс.
Ал бұл уақытта Польша астанасы Варшава қаласында шешен ұлтының диаспорасы Қазақстан елшілігінің алдында митинг өткізіп, Алматыда ұсталған белсенді Мансур Мовлаевты Ресейге қайтармауды сұрады.
Елшіліктің алдында сөз сөйлеген Руслан Белокиев былай деді: «Егер Мансур Ресейге қайтарылатын болса, онда бұл азамат адам айтқысыз азаптауға ұшырайды. Ресейде қазір не болып жатқанын бәріңіз жақсы білесіздер. Біз қазақ халқынан Мансурды мұндай жағдайға қалдырмауды сұраймыз. Қазақ халқы шешендерге қашан да қол ұшын созған. Депортация кезінде соңғы нанымен бөлісіп, бізді аштықтан сақтап қалды. Оны ұмыта алмаймыз. Қазақстанға, қазақ халқына қарсы емеспіз. Біздің сұрайтынымыз – Мовлаевты Ресейге қайтармаңыңздар. Оның үстінен түрлі қылмыстық істер қозғады. Ондай істердің алтауын маған қарсы да қозғағанын білемін. Мұның бәрі ойдан шығарылған жала. Мансур Мовлаевты Қазақстаннан экстрадицияламасын».
Шешен белсенділерінің алдына Қазақстан елшілігінің өкілі шығып, мән жайды сұрады. Оған да жиналғандар жоғарыда айтылған сөздерді қайталады. Ресей билігін қатты сынға алды шешен белсенділері. Қолдарында түрлі плакаттар болды. Атап өтерлігі, видеода Белокиевтен басқасының бәрі түрлерін жасырып тұрды. Мұның себебі бар. Еуропаның қақ ортасында тұрса да, Шешенстан билігін сынға алған белсенділерге қарсы қастандық жасалып жатады. Тіпті Берлиннің өзінде шешен белсендісін атып кеткен жағдайлар болды. Қазақстан елшілігінің өкілі жиналғандардың ойын сұрап, артық ештеңе айтпастан қайтып кетті.
Дәл осындай пикеттер мұның алдында Австрия мен Бельгияда да өткенін атап өту қажет.
Мансур Мовлаев осыдан бірер ай бұрын Алматының «Есентай» сауда үйінде ұсталып, содан бері қамауда отыр. Оған қатысты Ресейде қылмыстық іс қозғалды. Мовлаев Қазақстанға Қырғызстан аумағы арқылы келген. Қырғызстанға Ресейден заңсыз өткені де белгілі болды. Мовлаев 2022 жылы Ресей түрмесінен бостандыққа шықты. Айтуынша, ол кезде де саяси себептермен қудаланып, түрмеге қамалды. Абақтыдан шыққан соң тағы да қудалауға ұшыраймын деген қауіппен отанынан бас сауғалауға мәжбүр болды.
Құқық қорғаушылар Шешенстанды адам құқығын өрескел бұзатын аумақтың бірі деп көрсетеді. Ресейдің құрамындағы республикада билікті сынға алған кез келген адам түрмеге қамалады, аяусыз азапталады. Диссидент шетелге шығып кетсе, оның туыстарына дейін қысым көрсетіліп, оларды түрмеге қамайтын кездер де болды. Мансур Мовлаев Ресейге қайтарылса, оны Шешенстанға жіберетіні сөзсіз. Мұндай жағдайда белсендінің тағдыры не болатынын ойлаудың өзі ауыр.