Charlie Hebdo журналы бес жылға бостандығы шектелген Темірлан Еңсебектің қудалануы туралы мақала жариялады
Саяси сатира үшін бес жылға бостандығы шектелген блогер Темірлан Еңсебекке әйгілі француздық Сharlie Hebdo журналы қолдау көрсетті. Аталмыш шетелдік басылым әлемдені ең танымал сатиралық журналдың бірі болып саналады. Осыдан он шақты жыл бұрын Сharlie Hebdo журналистері де сатира үшін жазаға ұшырады: олардың редакциясына терроршы топ қанды шабуыл жасап, бірнеше журналисін атып өлтірді.
Франция сатиралық журналы былай деп жазды: «Бірінші жаңалық! Қазақстанда сатиралық медиа бар екен. Оның үстіне, күлкілі.
Екінші жаңалық! Онша таңғаларлық емес: бұл басылымды билік тұншықтырды. 12 сәуір күні Qaznews24 сатиралық парағының авторы Темірлан Еңсебек «ұлтаралық араздық қоздырды» деген айыппен сотталды. Енді ол келесі бес жыл ішінде қандай да бір саяси, журналистік не белсенділік қызметпен айналысуға, сондай-ақ көпшілік шараларға қатысуға тыйым салынды, деп хабарлайды қазақстандық Orda.kz басылымы.
Себебі не? Оның айтуынша, Instagram-дағы парақшасында Украинадағы «ресейлік үгіт-насихатқа» қатысты сатиралық жазба жариялаған. Билік өкілдері бұл жазбаның астында қойылған танымал рэп әнін (орыс тілді әлеуметтік желілерде 20 жылдан бері тарап жүрген) — «Йо, Орыстар» деп аталатын, орыстар мен өзбектерге қарсы өлең жолдары бар композицияны пайдаланғанын алға тартты.
Медиа авторы бұл әнді ресейлік тележүргізуші, билікке жақын Тина Канделакидің 2024 жылдың қаңтар айында айтқан: «Қазақстан орыс тілін ығыстырып жатыр» деген мәлімдемесіне жауап ретінде қолданғанын түсіндірді. Алайда жазба әлеуметтік желілерден тез жойылып кеткендіктен, нақты не жазылғаны белгісіз».
Ары қарай Сharlie Hebdo журналистері былай деп әңгімесін жалғастырады: «Сот ісі қала шетіндегі шағын сотта өтті, және оған қатысуға Темірланның өзі де жіберілмеген. Судьялар оның жазбасын «дискриминациялық сипаттағы» деп тапты. Ол болса жазбасы «этникалық орыстарды [яғни, бір немесе екі ата-анасы орыс болған қазақстандықтарды] емес, Украинадағы Ресейдің әскери агрессиясына қарсылық ретіндегі пікір» екенін айтқанымен, прокуратура әннің мәтіні «орыс ұлтының абыройы мен ұлттық қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді» деп бағалады.
Алайда басылым мазмұнын қарап шықсаңыз, ол тек «әлемдік жетекшілерді — Трампты, Путинді және басқаларды ешкімді бөліп-жармай» әжуалайды, дейді Charlie журналына пікір білдірген аймақ маманы. «Олар саяси қайраткерлерді мазақтап, видеоларды монтаждайды, күлкілі сөздер айтқызады немесе скетчтер ойнайды – бұл Батыстағы сатирамен бірдей дүние», – дейді ол.
The Diplomat журналының жазуынша, Темірлан Еңсебектің ісі Қазақстан билігінің Мәскеумен арада тепе-теңдік сақтауға тырысатынын көрсетеді. «Бастапқыда бір ресейлік жүргізушінің тіл тигізуі болса, ақыр соңында, орыс халқына тіл тигізді деген айыппен сот алдына қазақ тұр», – дейді басылым.
Tске салар болсақ, Сharlie Hebdo журналын халықаралық деңгейдегі құқық қорғаушылар, саяси шешім қабылдайтын үкімет басшылары және әлемнің түкпір түкпірінің журналистері оқиды. Темірлан Еңсебекті қудалау арқылы, оны саяси сатира үшін соттаумен Қазақстан сөз бостандығын тұншықтыратын ел ертінде тағы да көзге түсті осылайша.