• Басты
  • >
  • Қоғамдық тыңдауда саяси тұтқындар мәселесі көтерілді

Қоғамдық тыңдауда саяси тұтқындар мәселесі көтерілді

19.05.2025

Журналистер мен қоғам белсенділері түрмеде отырған саяси тұтқындардың тағдырына алаңдаушылық білдірді

17 мамыр күні Алматыдағы конференц залдардың бірінде қоғамдық тыңдау өтіп, оған жиналғандар саяси тұтқындар, сайлау, сөз бостандығы мен АЭС салу мәселесіне қатысты өздерінің пікірлерін білдірді. 

Жиынға белгілі қоғам қайраткерлері, журналистер мен белсенділер қатысты. Қоғамдық тыңдауда сөз алғандардың бірі – белгілі журналист және «Оян, Қазақстан» қозғалысының белсендісі Әсем Жәпішева. Ол елдегі сөз бостандығының жағдайы күрт нашарлап кеткенін, билікті сынға алған журналистердің қамауда отырғанын айтты. Сөз бостандығының деңгейі – өте төмен деңгейде деп пікір білдірген Жәпішева мынаны айтты: «Өкінішке қарай, Совет билігі ыдыраса да сол биліктен қалған менеджерлер жүз жыл өтсе де, билігін сақтау үшін репрессияларын әлі де жалғастырып жатыр.

Бұрын Кеңес одағында «халық жауы» деп жалған айып тағылып, адамдар сотсыз тергеліп, атылып немесе айдалған болса, бүгінгі «Жаңа Қазақстанда» журналистер экстремист, қоғамдық тәртіпті бұзушы, жалған ақпарат таратушы деген жалған баптармен айыпталып жатыр. Кезінде саяси лагерьлер болса, қазір түрмелер мен СИЗО-лар белсенділер мен журналистерге толған. Совет одағында үкіметке қарсы сөз айту қылмыс болса, бүгінде әлеуметтік желіге пікір қалдыру немесе бейбіт минингке қатысу қылмыс ретінде қарастырылады. Мемлекеттік БАҚ пен ресми телеарналар бір ғана шындықты ұсынады. Ол – биліктің шындығы». 

Әсем Жәпішева бұған мысал ретінде түрмеде отырған Думан Мұхамедкәрімнің, Данат Намазбаевтың және басқа да саяси тұтқын ретінде танылған азаматтардың жағдайын келтірді. 

Осы күндері Степногорск түрмесінде «жазасын» өтеп жатқан Марат Жыланбаевтың жағдайы нашарлап кеткенін айтып, оның қорғаушысы Мейіржан Досқараев та дабыл қаққан еді. Мамыр айында марафоншы алдында жариялаған аштығын тоқтатқан еді. Денсаулығының күрт нашарлағанына байланысты. Бірақ, оның аштыққа негіз болған талаптарының бірі де орындалмады. Сонымен бірге, Марат Жыланбаевтың жұбайы Азаттыққа берген мәліметінде, оның түрмеде жатқан кезінде «төсек жаймасы, дәрі-дәрмектері және басқа да жеке заттары тәркіленгенін» айтты. Бұл мәліметті Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) жоққа шығарды.

14 мамыр күні Марат Жыланбаев туыстарына қоңырау шалып, түрме күзетшісінің одан жайма мен сүлгіні алып қойғанын хабарлаған.

«Марат әдетте әр сәрсенбі сайын қоңырау шалып, жағдайын айтып отыратын. Бүгін ерекше қобалжып, қоңырау шалды. Олар оның жаймасын, сүлгісін, сағатын, дәрі-дәрмегін және күнтізбесін алып қойған. Себебін түсіндірмеген. Ол әлі де тәртіптік изоляторда отыр. Марат мұны әдейі жасалған моральдық қысым деп есептейді», — деді Ақмарал телефон арқылы.

Шынында да, бұл марафоншыға жасалып отырған қысым екені сөзсіз. Одан бөлек, Жыланбаевтың қорғаушысы Досқараевтың айтуынша, егер бұл қысым тоқтамаған жағдайда, марафоншы аяғының бір саусағын кесіп тастағалы отыр. Наразылық білдірудің жолы ретінде.

Осындай жағдайда отырған саяси тұтқынның мәселесіне қоғамдық тыңдауға келген Әсем Жәпішеваның назар аударғаны орынды болды деп санаймыз. 

«Франция, Германия сияқты дамыған елдерде бұл термин заңмен бекітілген. Бізді де саяси себеппен қудалау термині заң жүзінде мойындалуы тиіс. Тәуелсіз қоғамдық кеңес құрып, саяси істер мен саяси тұтқындардың ісін бақылау қажет. Түрмелерде адам құқықтарының бұзылуына жол берілмеуі тиіс. Цензураны тоқтату үшін келесідей қадамдарды іске асыруымыз керек: біріншіден, барлық мемлекеттік тапсырыс, яғни госзаказ туралы ақпарат ашық әрі қол жетімді болуы керек. Келісімшарттар, тапсырыс берген тақырыптар, орындаушылар және төленген қаржы жария түрде реестрде тұруы қажет. Бұл қоғамға БАҚ-тың қандай тақырып пен мазмұн үшін қаржыландырылатынын түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ақпарат министрлігі мен әкімдіктер тарапынан медиаға тікелей немесе жанама қысым көрсетуге тыйым салынуы керек», – деді Әсем Жәпішева.

Одан бөлек, жиынға қатысқан ғалым Нұртаза Қадырниязов АЭС салудың қаупіне ерекше тоқталды. «АЭС салу үшін бір жарым мың гектар жер керек екен. Ол жерді кім береді? АЭС салуға беретін, жерімізді қоқысқа малдыратын жеріміз бар ма? Ондай жеріміз жоқ біздің. Сондықтан бір емес, үш АЭС саламыз деп жатыр. Ондай АЭС-ті салу керек емес Қазақстанға. Алдыңғы қатарлы Германия мемлекетін қазір АЭС-тен бас тартты. Он жеті АЭС-ті жапты. Сонда бір АЭС-ті жабу үшін 1,3 миллиард еуро керек екен. Он сегіз мың тонна қалдық жыққан. Оны залалсыздандыру үшін 134 миллиард еуро керек екен. Ондай ақшаны біз болашақта қайдан табамыз?», – деген мәселені Қадырниязов ашық айтты. 

Айтпақшы, дәл осы АЭС салынуына қарсылық білдіріп жүріп, референдум қарсаңында қамауға алынған бес азаматтың үстінен қылмыстық тергеу аяқталып, олардың ісі сотқа жолданды. Бұл азаматтарға «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға» оқталды деген ауыр айып тағылып отыр. Қамаудағы бесеудің дені – зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдар. Оларды да билік ұзақ жылға соттай ма деген қауіп қазір бар. 

Қоғамдық тыңдауға жиналғандар қарар қабылдап, оны президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдайтынын айтты.