Темірланды қолдап пикетке шыққан Руслан Бикетов бостандыққа шыққан күні халықаралық ұйым қамаудағы блогерді ақтауға үндеді
Дүйсенбі күні Алматы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторынан Темірлан Еңсебекті қолдағаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған журналист Руслан Бикетов бостандыққа шықты.
Ол Алматыдағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының алдында Еңсебектің қамалуына наразылық білдіріп, жалғыз адамдық пикет өткізген еді. Абақтыдан шыққан Бикетовты бір топ жақтастары қарсы алды. «Сіздердің қолдауларыңызға алғысымды айтамын. 15 тәулікке отыру мен үшін біршама тәжірибе болды. Қаншама адамдарды жолықтырдым. Журналистік қызметіме де әсерін тигізері сөзсіз. Бірнеше мақала жазамын деп ойлап отырмын. Тіпті шығарма жазуға дайындалып отырмын. Осында отырғанда сіздердің көрсеткен қолдауыңыз қатты көмектесті. Жалғыз емес екенімімді, бірлікте екенімізді ұқтым. Ең алдымен, анама қоңырау шалып, онымен кездескім келіп тұр», – деді Бикетов.
«Курсив» басылымының журналисі Руслан Бикетов әріптесі Темірлан Еңсебек қамалғанда пикетке шығып, наразылық танытқан алғашқы белсенді. Бикетовтен кейін қамауға алынған журналист Әсем Жәпішева 4 ақпан күні сағат 17-00 Алматыдағы Лобачевский көшесінде орналасқан уақытша ұстау изоляторынан босатылады.
Бүгін, 3 ақпан күні, халықаралық Human Rights Watch ұйымы мәлімдеме жасап, Темірлан Еңсебекті қамаудан босатуға шақырды.
«Қазақстан билігі сатиралық Instagram аккаунтын жүргізетін блогерге тағылған қылмыстық айыпты дереу алып тастап, оны тергеу изоляторынан босатуы қажет», деп жазады Human Rights Watch.
««Қарапайым тілмен айтқанда, мұнда қылмыс жоқ, тек биліктің қылмыстық заңды теріс пайдалануы ғана бар», – деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Риттман. «Қазақстан билігі Еңсебекке қарсы тағылған негізсіз және тым кең ауқымды деп қабылданатын «алауыздық қоздыру» айыбын дереу алып тастап, оны тергеу изоляторынан босатуы тиіс».
«Human Rights Watch және басқа құқық қорғау ұйымдары Қазақстан үкіметіне Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша «араздық туғызу» айыбын түзету қажет екенін бірнеше рет атап өтті. Ұйымдар бұл қылмыстық баптың кең ауқымды екенін айтып, оның заңды сөз бостандығы мен әрекеттерді, соның ішінде пікір білдіру, сөз сөйлеу және бірігу құқықтарын қорғау бойынша адам құқықтары заңымен қорғалатын әрекеттерді қылмыстандыруға пайдаланылатынын атап өтті»,- делінеді халықаралық ұйымның мәлімдемесінде.
Бұл Темірлан Еңсебекті босатуды талап етіп отырған екінші халықаралық ұйым. IHPR халықаралық ұйымы бұған дейін мәлімдеме жасап, блогерді қылмыстық жауапкершілікке тарту негізсіз деп ашық айтқан еді. Біздің білуімізше, басқа да ірі халықаралық ұйымдар Темірлан Еңсебекке араша түсіп, оның бостандығын талап етпек. Бұл шынында да Қазақстан билігінің әрекетін халықаралық деңгейде сынауға әкелетіні сөзсіз.
«Азаттықтың» жазуынша, Темірлан Еңсебекті қолдап, орыс ұлтының өкілдері де петицияға қол жинауды бастады. «Қазақстанда тұратын орыс ұлтының өкілдері QazNews24 сатиралық паблигінің авторы, қазір қамауда отырған Темірлан Еңсебекті қорғау акциясын бастады. Олар белсенді саяси әжуаға бола қудалауға ұшырады деп біледі. Билік істің саяси астары жоқ дейді», деп хабарлайды «Азаттық».
Қазіргі таңда Темірлан Еңсебек ісі бойынша тергеу амалдары аяқталды. Журналист пен оның қорғаушысы іс материалдарымен танысқан соң құжаттар прокурорға жолданады. Прокуратура істі қысқартпаса не қайта тергеуге жібермесе, Еңсебектің ісі бойынша материалдар сотқа жолданады. Одан кейін сот процестері басталмақ. Санаулы күннің ішінде халықаралық ұйымдардың назарына ілінген, қоғам ішінде де үлкен наразылық тудырған Еңсебектің ісі бойынша билік қандай үкім шығарары белгісіз.