• Басты
  • >
  • Конституциялық сот әкімдердің митингке қатысты сылтауын заңсыз деп таныды

Конституциялық сот әкімдердің митингке қатысты сылтауын заңсыз деп таныды

22.01.2025

Соңғы кездері жергілікті әкімдіктер «митинг өткізуге рұқсат берілген орын бос емес» деген желеумен бейбіт жиын өткізуге тыйым салып келеді

Бұдан былай жергілікті билік өкілдері «митинг өткізуге рұқсат берілген орындар бос болмауына» байланысты бейбіт жиындарға тыйым сала алмайды. Мұндай шешімді құқық қорғаушылардың арызынан соң Конституциялық Сот шығарды. 20 қаңтар күні Конституциялық Сот Қазақстан халықаралық Адам құқығын қорғау Бюросының заңгері Евгения Нефедьева мен «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының өкілі Роман Реймердің астаналық белсенді Гүлмира Біржанованың мүддесін қорғау үшін жазылған арыз негізінде бейбіт жиындарға байланысты шешім шығарды.

Бұған дейін жергілікті әкімдіктер «митинг өтетін орын бос емес» деген желеумен бейбіт жиын өткізуге тыйым салатын. Бұл Конституцияға сәйкес емес болып шықты. Енді, мәслихаттар митинг өткізуге белгілеген орындар бос болмаған жағдайға жергілікті билік өкілдері бейбіт жиын өткізуге балама алаңды ұсынуы тиіс. Оның көлемі, қатысушылардың сыйымдылығы «бос емес» алаңмен бірдей болуы тиіс. Митингті ұйымдастырушылар одан бас тартқан жағдайда ғана жергілікті әкімдіктер бейбіт жиын өткізуге рұқсат бермейді. Міне, дәл осындай шешімді Конституциялық сот заңгерлердің арызынан соң шығарды.

Бұл туралы Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау Бюросының заңгері Евгения Нефедьева былай деді: «Роман Реймермен бірге Қазақстан Республикасының «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңның ережелеріне қарсы арыздандық, себебі ол жергілікті билік органдарына митингтерді өткізуге ерікті түрде рұқсат беруден бас тартуға мүмкіндік беретін еді, егер дәл сол уақытта басқа іс-шара жоспарланған болса. Біз бұның азаматтардың конституциялық құқықтарын өрескел бұзатынын айттық. Біздің өтінішіміз бірнеше ай бойы қаралды, нәтижесінде Конституциялық сот шешім қабылдады, онда былай делінген: Сот бейбіт жиналыс өткізуге бас тартудың автоматты түрде болмауы керектігін мойындады.

Жергілікті атқарушы органдар алдымен ұйымдастырушыларға өткізу орны немесе уақытын өзгерту ұсынысын жасап, егер ұйымдастырушылар мұнымен келіспесе ғана оған тыйым салуға құқылы екенін анықтады». Конституциялық Сотқа арыздануға негіз болған жағдай – астаналық белсенді Гүлмира Біржановаға әкімдіктің митинг өткізуге «алаңның бос болмауына» байланысты тыйым салуы болды. Біржанова бұдан кейін әкімдіктің іс-әрекетін заңсыз деп тануды сұрап, сотқа арызданды. Алайда, сот әкімдіктің бұл шешімін заңға сай деп таныды. Міне, осы қаулының заңдылығын анықтау мақсатында заңгерлер Конституциялық сотқа жүгініп, жаңағыдай шешімге қол жеткізді. Десе де, бұл әлі де бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібін толық жеңілдетпейді. Оны заңгер Евгения Нефедьева да мойындайды.

Оның ойынша «Проблемалар сақталып отыр, себебі Конституциялық сот әкімдіктерге басқа іс-шаралар жоспарланған жағдайда жиналыстар өткізуге рұқсат бермеу нормаларын жойған жоқ – сот тек әкімдіктің бас тартуын негізделген болуы керек деп көрсетті. Біздің пікірімізше, сот дауды қарауға тым тар көзқараспен келді. Мемлекеттік қызметкерлер статистикамен манипуляция жасап, алаңдардың бос емес екенін көрсетіп, осы уақытқа дейін бұл желеуді өздеріне тиімді қолданып келді. Конституциялық сот митинг алаңдарының толық жүктемесі туралы ақпарат жариялаудың қажеттілігін атап өткенімен, бұл да жеткіліксіз. Заңнама әлі де әкімдіктерге бейбіт жиналыстар өткізуге қатысты хабарламаларды келісуден негізсіз бас тартуға мүмкіндік береді».

Соңғы кездері митинг түгілі, жалғыз адамдық пикет өткізудің өзі қамау мен айыппұл арақалауға әкеліп отыр. Оған дәлел – «Оян, Қазақстан» белсенділерінің қамауға алынған сатиралық журналист Темірлан Еңсебекті қолдау пикеттерінен соң қудалануы. Жалғыза адамдық пикет өткізген журналистер Руслан Бикетов пен Әсем Жәпішева 15 тәулікке қамалса, күні кеше белсенділер Ақмарал Жәкібаева мен Сергей Зинченконың әрқайсына 196 мың теңгеден айыппұл салынды.