Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» компаниясының Бұрғылау жұмыстары басқармасы мұнайшылары бірнеше аптадан бері ереуілде жатыр.
Олардың «Қазмұнайгаз» басшылығына қойған бес талабы бары бұған дейін хабарланған болатын. Оларды тізіп айтатын болсақ, мыналар:
- ӨМГ зейнеткерлері мен денсаулығынан айырылған мұнайшылардың балаларын тікелей штатқа алу;
- Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесін шешу;
- Ұжымдық шартта 2013 дейін болған дербес еңбекақы төлеу жүйесін қайтару;
- машинистер мен операторлардың дәрежесін көтеру;
- 30% қосымша жалақы тәртібін төлеуді ұжымдық шартқа енгізу.
Қазірге дейін мұнайшылардың алдына «Өзенмұнайгаз» басшылығынан өзге ешкім де келмеді. Ереуілшілердің талабы – келіссөзді жергілікті билік басшылығымен емес, «Қазмұнайгаз» жетекшілерімен және Бас прокуратура өкілдерімен жүргізу. Сонымен бірге, мұнайшылар кәсіподағының жетекшілері президент Тоқаевтың өкілдері де келсін деген мәселені де көтерді. Мұнайшылардың айтуынша, олар жемқорлық фактілерін, «Өзенмұнайгаз» басшылығының былық шылығын ашуға дайын отыр. Бірақ, оларға биліктен тыңдайтын құлақ және шара қабылдайтын басшылық керек.
Мұнайшылардың хабарлауынша, Жаңаөзенде әлі күнге дейін жүздеген адам ереуілде тұр. «Қазмұнайгаз» басшылығы мұны жоққа шығарады. Олардың айтуынша, ереуілге алдымен 1,7 мың адам шыққанымен, кейіннен басым көпшілігі жұмысқа қайта оралған. Ереуілшілер мұны жоққа шығаруда.
«Қазмұнайгаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов Жаңаөзенге бармайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, ол кәсіподақ басшылығымен келіссөздер жүргізіп жатыр, мәселені ашық талқылауда, сол себепті ереуілшілердің ортасына баруға еш негіз жоқ деді. «Жаңаөзен мұнайшыларының талаптары орынсыз, егер олардың айтқанын толық орындасақ, өңірдегі жұмыссыздар бұған қарсы болады» дегенді де айтты. Оның меңзеп тұрғаны – БЖБ мекемесі жұмысшылары зейнет демалысына кеткен соң олардың балаларын жұмысқа кезексіз алу мәселесі.
Десек те, мұнайшылардың бұған қарсы айтар уәжі бар. Олар жұмыссыздардың мәселесін көтеріп, қаладағы бұл проблеманы шешуді талап етуде. БЖБ мекемесінің мұнайшысы Мұратбай Жұмағалиев 1 желтоқсан күні үндеу жариялап, «алдарына «Қазмұнайгаз» басшылығы келу керек, келіссөз жүргізу қажет, егер ереуілшілердікі дұрыс емес болса, оны да айтсын» деп мәлімдеді. Сонымен бірге, мұнайшылар билікті түрлі арандатуларға жол бермеуге шақырды. «Біздікі бейбіт түрде көтеріліп жатқан еңбек дауы, ешқандай қантөгістің бізге қажеті жоқ, Астанадан келетін өкілдермен келіссөзге дайынбыз» дегенді мұнайшылар ашық айтуда.
Еске сала кетейік, 16 желтоқсан күні Жаңаөзен қанды қырғынына 13 жыл толады. 2011 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 20-жылдығын тойлап жатқанда, Жаңаөзенде жеті ай бойы ереуілде тұрған мұнайшыларға қарсы оқ атылып, салдарынан 16 адам қаза тапқан болатын. Одан бөлек көптеген адам жарақат алды. Артынша, Жаңаөзенге сол кездегі президент Назарбаев барып, «бұл жағдай туралы естімедім, білмедім, облыс басшылығы маған жалған ақпарат берді» деп ақталған еді. Жаңаөзендегі бұл қантөгістен кейін мұнайшыларға, кәсіподақ жетекшілеріне және азаматтық қоғам өкілдеріне қарсы репрессиялар басталды.
Біздің ойымызша, Жаңаөзендегі қазіргі еңбек дауы бейбіт түрде, келіссөздер арқылы шешілуі тиіс. Мұнайшылар билік өкілдерімен сөйлесуден бас тартып тұрған жоқ. Маңғыстаудан сайланған депутат Еділ Жаңбыршин бар. «Қазмұнайгаз» басшылығы бар, облыс билігі бар – барлығы жиналып, қарапайым ереуілшілермен диалогқа отыруы керек. Мұнайшылардың да талабы сол емес пе? «Бізбен сөйлессін, талабымызды тыңдасын» дейді. БЖБ мекемесінің жұмысшылары айтуынша, олар қазіргі талапты «Өзенмұнайгаз» басшылығына бірнеше рет қойған. Бірақ, мардымды жауап ала алмаған. Сол себепті, Астанадағы басшылықтың назарын аудару үшін әрі өз талабын «Қазмұнайгазға» жеткізу үшін ереуілге шығуға мәжбүр болған. Демек, екі тарап та бір біріне құлақ асып, келіссөзді бастауы керек деп санаймыз.