• Басты
  • >
  • Алматыда бірнеше адам "Феминита" жиынына кедергі жасады. Тараптар бір-біріне қарсы полицияға шағым түсірді

Алматыда бірнеше адам “Феминита” жиынына кедергі жасады. Тараптар бір-біріне қарсы полицияға шағым түсірді

09.10.2024

Алматыда бірнеше күндік шара өткізіп жатқан “Феминита” белсенділерінің жиыны тоқтатылып, өздері полиция басқармасына жеткізілген. Бұл туралы Азаттыққа “Феминита” бастамасының белсендісі Ақторғын Қайратова хабарлады.

Оның айтуынша, басқа бір ұйым белсенділері “Феминита” үстінен “25 адам жабық жерде жиналып, заңға қайшы іс-әрекет істеп жатыр” деп арыз жазған. Алматы полициясы “Феминита” шарасы өтіп жатқан жерге барып тексерген.

“Феминита” өкілінің айтуынша, жиын өтіп жатқан жерге бірінші арыз түсірген адамдар келген. Ақторғын Қайратованың сөзінше, “Қазақстандық ата-аналар одағы” бірлестігінің төрайымы Бағила Балтабаева, белсенділер Жібек Әменова мен Дильнар Инсенова шараны өткізбеуге тырысқан. “Феминита” белсенділері де олардың үстінен шағымданып, полиция шақырған.

Қайратованың айтуынша, алдымен Балтабаева мен “Феминита” белсендісі Гүлзада Сержанды полицияға алып кеткен. Полиция жанжалдың екі жағын қарау керек деп айтқан.

“Лесбиан құрылтай” деген үшкүндік жиын өткізіп жаттық, бүгін соңғы күні болған. Алматы әкімдігі бізді “қара тізімге” қосып қойған соң қонақүйлер мен басқа орындар бұл шараны өткізуден бас тартты. Кейін басқа қауіпсіз орын тауып, сол жерде өткізуді шештік. Ол кісілер мекенжайын қалай біліп алғанын білмейміз, ғимараттың ішіне кіріп кетіп, басына көтерді. Сегіз шақты полицей болды. Қыздарды “бәріңді алып кетеміз” деп қорқытқан. Кейін Жанар Секербаевамен “бұл мәселеге ұйымдастырушы ретінде біз жауап берейік, басқаларды жайына қалдырыңыздар” деп айттық. Сосын бізді де алып кетті” деді Ақторғын Қайратова.

“Феминита” белсендісі “полиция келгенде қандай іс-шара өтіп жатқанын түсіндірдік, презентациямызды да көрсеттік” деді.

Қайратованың сөзінше, арыз түсіргендер жиында жасөспірімдер барын айтқан, полиция шараға қатысқандардың құжатын тексерген. Қайратова “шарада жасөспірімдер болмады, арыз түсіргендердің бірі сол жерде маған тіл тигізді, оның үстінен арыз жаздым” деді.

Белсендінің айтуынша, полиция басқармасында олардан түсініктеме жазуды талап етіп, кейін босатқан. “Феминита” өкілдері шараны өткізбей қойған топтың үстінен арыз жазған. Белсенділер “ешқандай заң бұзған жоқпыз” деп мәлімдеді. Ақторғын Қайратова “полицияда бізді бір жарым сағаттай ұстады” деді.

“Феминита” бастамасы бұған дейін шарада “экология, капитализм тәуекелін талдап, Жер мәселесін қозғап, АЭС салуға бірігіп тосқауыл қоямыз” деп хабарлаған. Қайратованың сөзінше, іс-шараға қатысуға шет елден адамдар келген. Ол “бүгінгі кедергілерге қарамастан, құрылтайымыз өтеді” деді.

Азаттық “Қазақстандық ата-аналар одағы” бірлестігінің төрайымы Бағила Балтабаевадан осы жағдайда байланысты пікір сұрады. Әзірге жауап келмеді.

Алматы полиция департаменті баспасөз қызметі Азаттыққа “102-ге қаладағы мекемелердің бірінде жанжал болғаны туралы хабар түсті, оқиғаға қатысқандарды тексеру үшін Алмалы аудандық полиция басқармасына апарды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр” деп хабарлады.