7 қазан, дүйсенбі күні Ақтөбе хром қосындылары зауытының жүз шақты жұмысшысы жалақы күрт азайғанын айтып наразылық білдірді. Ақтөбе қаласындағы зауыт маңына жиналған жұмысшылардың айтуынша, соңғы екі айда өндіріс көлемі азайып, айлық төмендеп кеткен.
Хром қосындыларын әлемнің 30 еліне экспорттайтын ірі зауыт соданың жоқтығынан қыркүйектің соңғы бес күнінде тоқтап тұрған. Оған себеп – Ресейден шикізат келмей қалған.
Наразылардың бірі Жанұзақ Мәден зауыт тоқтап қалған кезде де жұмыс орнында болғанын, жалақы есептегенде ол ескерілмегенін айтады:
– Өзім 2019 жылдан бастап 3-цехта слесарь болып істеймін. Қыркүйек айы үшін әрі кетсе 150 мың теңге төлегелі отыр. Яғни, тұрақты тарифке небәрі 20 пайыз сыйақы қосылған. Хром қосындыларын шығаруға қажет соданың болмауына біз кінәлі емеспіз. Бұл – алдын-ала қор жасап қоймаған зауыт басшыларының кінәсі. Сондықтан сыйақымыз азаймауы тиіс, – дейді ол.
Ақтөбе хром қосындылары зауытындағы еңбекақы қоры екі бөліктен – тұрақты тариф пен үстіне қосылатын сыйақыдан тұрады. Сыйақы мөлшері өндіріс пен сауда көлеміне байланысты тағайындалады. Яғни, өнім неғұрлым көп өндіріліп сатылса, сыйақы мөлшері де көбейеді. Сыйақы 100 пайызға жеткенде жұмысшылар 300 мың теңгеге дейін жалақы алып жүрген. Қазір жалақы 140-150 мың теңге шамасында.
– Сыйақы айлықтың 80-100 пайызына жеткен кездері болған. Ол кезде тәп-тәуір жалақы алатынбыз. Қазір 20 пайыз ғана қосып жүр. Бұл тым аз. Оның өзін қиып тастайды, – дейді 4-ші цехтың жұмысшысы Мадияр Сағидолла.
Наразылар зауыт маңында таңнан кешке дейін тұрды. Оқиға орнына әкімдік қызметкерлері, полиция және еңбек инспекциясы өкілдері келді.
Жұрт алдына шыққан Ақтөбе хром қосындылары зауыты басқарма төрағасы Алексей Химич “Өндірістегі қиындықтарға қарамастан жұмысшыларға жалақы төленіп отыр. Демек ешқандай проблема жоқ” деді. “Келіспегендер болса, жұмыстан шықсын!” деп қысқа қайырды Химич.
Азаттықтың “Өндірістегі кальций содасының тапшылығы қашан шешіледі?” деген сауалына Алексей Химич “Ресейде бейбітшілік орнаған кезде” деп жауап берді.
Наразы жұмысшыларды тыңдауға шыққан Ақтөбе хром қосындылары зауыты басқарма төрағасының орынбасары Радий Фахрединов он күнге ғана жететін кальций содасы қалғанын, Ресеймен теміржол тасымалы қиындап кеткенін айтты.
– Өндіріс тәулігіне 200-240 тонна кальций содасын тұтынады. Біз оны Башқұртстанның химия зауытынан алып отырмыз. Теміржол тасымалы қиындап кеткендіктен, балама іздеп көргенбіз. Өзбекстан ұсынған сода көлемі қажетімізді толық қанағаттандырмайтын болды. Сол себепті бұл мәселе Қазақстан үкіметінің деңгейіне көтерілді, – деді Радий Фахрединов.
Кальций содасы – Ақтөбе хром қосындылары зауыты шығаратын өнімге қажет шикізаттың бір бөлігі. Жұмысшылар шикізат болмауы жалақыға әсер етпеуі керек деп санайды. Әрі мәселе шешілмесе, жаппай жұмыстан кететінін айтты.
Наразылық жиынына жамау киіммен келген жұмысшылар қысы-жазы бір аяқкиіммен жүретініне, арнайы киім жылына бір рет берілетініне де наразы. Жұмысшылар зауыт асханасындағы астың да сапасына разы емес. “Біз осының бәріне көніп келеміз. Бірақ жалақы аздығына көне алмаймыз. Басшылар мәселені тезірек шешсін! Ресей Украинамен 10 жыл соғысады. Сонда біз 10 жыл бойы аз жалақымен жүреміз бе?” деп айғайлап жатты наразылар.
Тараптар бүгін мәмілеге келе алмады. Ақтөбе хром қосындылары зауыты басқарма төрағасының орынбасары Радий Фахрединов жұмысшылар талабын басшы құраммен талқылайтынын айтты.